Әлемнің үздік кітаптары қазақшаға аударылды

Әлемнің үздік кітаптары қазақшаға аударылды

Өткен жылы Қазақстанның кітап қоры екі сүбелі еңбекпен толықты. «Орхон» баспа үйінің мұрындық болуымен Ветнам мемлекетінің ұлы қайраткері Хо Ши Миннің өмірбаяндық туындысы мен пәкістандық зерттеуші ғалым Иштиақ Құсайын Құрешидің «Пәкістан үшін күрес» кітабы қазақ тіліне аударылды. Бұл екі кітапты жарық көруіне Ветнам Социалистік Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы елшіліктері жан-жақты қолдау көрсетті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туындылардың басты ерекшелігі – аталған еңбектер қазақ тіліне ағылшын тілінен тікелей тәржімаланған. Шетелдік жәдігерлердің қазақшаға аударған белгілі шығыстанушы, тіл маманы – Алмас Мәсәлім. Оның айтуынша әр кітапты аударуға шамамен тоғыз айдай уақыт жұмсалған.

«Оқырманға жеңіл болу үшін, барынша жатыңқы етіп аудардық. Хо Ши Мин туралы кітапта қазақша мәтін мен ағылшынша мәтін қатар берілген. Екеуін салыстырып оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Ветнам ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшысының әр жылдары түскен фотолары да қоса берілді. Ал, «Пәкістан үшін күрес» кітабында 19-20 ғасырлардағы Оңтүстік Азия субконтинентінде орын алған саяси оқиғалар, оның ішінде мұсылман қауымының жеке тәуелсіз Пәкістан мемлекетін құру жолындағы күресі баяндалады»,- дейді А.Мәсәлім.

«Орхон» баспа үйі осы бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастырып, алдағы жылы тағы да бірқатар халықаралық еңбектерді қазақ тіліне аударуды жоспарлап отыр.