Жалпытүркілік Назарбаев әліпбиі

Жалпытүркілік Назарбаев әліпбиі

​Өткен 2017 жыл Қазақстан үшін ғасырға бергісіз аса маңызды оқиғаларға толы болды. Олардың қатарында EXPO, Алаш үкіметінің жүзжылдық мерейтойы, Қысқы олимпиада, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы сияқты іс-шараларды ерекше атауға болады. Әсіресе, мұндай оқиғалардың ең маңыздысы – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы екені барша жұртшылыққа мәлім.

Осы қоғамдық сананы түбегейлі жаңғырту бағдарламасы аясында аталған ең өзекті мәселенің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасы негізінде реформалау болды. Міне, сондықтан да жаңа жылдың бас­тауында тұрып, өткенге бағамдап көз тастай, қазақ халқының осы кезге дейін басынан өткен қал­тарысқа толы әрі сындарлы жолын еске ала отырып, ең басты сәттерге тоқталғым келеді.

Қазақ халқы әліпбиін бұрын да ауық-ауық ауыстырғаны барша кө­зіқарақты қауымға белгілі. Мысалы, көнетүркілік руна жазбасы араб жа­зуы­на, А.Байтұрсынұлының «төте» жазуы латын және кирилл қарпіне өзгертілді. Президент атал­мыш мақа­ласында атап өткендей, қазақ халқы­ның тарихын­дағы жазу жүйесіндегі бар­лық өзгерістер саяси жүйенің өк­тем­­дігімен жасалып, этностың нақты мүдделері мен қажеттіліктері көздел­меді.

Халқымыз бұрын-соңды тари­хында, нақтырақ айтсақ, Орхон-Енисей жазбасын қолданған уа­қыттан кейінгі кезеңде, жазуын тұңғыш рет өз еркімен және сенімді түрде бейімдеп, реформалауға 2017 жылы ғана шешім қабылдауға қол жеткізді. Мемлекет басшысы қабыл­даған және жалпы жұртшылық толық қолдаған бұл шешімді шетелдік қоғамдас­тық­тың да анық қолдаған сыңай танытуы мемле­кетіміздің сындарлы да дәйекті саясатының нәтижесі деп білеміз.

Түркілік құндылық – қай уа­қытта да Президентіміздің стратегия­лық жоспарларының маңызды бөлігі. Қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі де тектен-тек көтерілген жоқ, дәлірек айтсам, бұл мәселелер Н.Назарбаев­тың назарынан еш­қашан тыс қалған емес. Бұл пікіріме нақты әрі дәлелді мысал келтірейін. 1991 жылдың ба­сында, ол кезде Қазақ Кеңес Социа­листік Рес­публикасының Президенті бола тұрып, Н.Назарбаев Мәскеудің келі­сімінсіз Қазақстанға Түркия пре­зиденті Тұрғыт Өзалды шақырып, онымен екіжақты келісімдерге қол қойды. Бұл әрекетті жай ғана «батыл қадам болды» дей салу – ол туралы ештеңе де айтпаумен бірдей. Бұл – түптеп келгенде, тоталитарлық режимге жасалған ашық қарсылық болатын. Өйткені екі елдің прези­денттері жоғары деңгейде шартқа қол қойғаннан кейін Үкімет бас­шылары, министрлер, ведомстволар және ірі ұлттық компаниялар же­текшілері арасында келісімді орын­дау мақсатындағы іс-шаралар бірден қолға алынып кетті де, нәтижесін бере бастады. «Түркия – егемендікті жариялаған күннің ертеңіне Қазақ­станмен алғаш ресми қарым-қатынас орнатқан мемлекет» дейтіндерге мен: «Иә, солай болғаны рас, бірақ бұл қатынас одан да бұрын басталған» деп жауап қатар едім. Өйткені туыстас екі елдің басшылары мұндай қарым-қатынасты жүзеге асыру былай тұрсын, тіпті бұл туралы ойлаудың өзі мүмкін емес жағдайда орнатқан еді. Рас, мүмкін емес нәрсені шындыққа айналдыру ұлы адамдардың ғана пешенесіне жазылған.

Жоғарыда айтылғандарға дәлел ретінде Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 12 желтоқсанда Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары басшы­ларының кеңесін шұғыл түрде ша­қыру және сол жылы 21 желтоқ­санда Алматы қаласында «ТМД құру тура­лы» тарихи құжатқа қол қою үшін он бір мемлекет басшысының мәжілісін өткізу бастамасын айтуға болады.

Сонымен қатар 1992 жылы Н.Назарбаев БҰҰ Бас ассамб­леясында Азиядағы сенім шаралары бойынша пәрменді тетік – АӨСШК құруға бастама көтерді.

Келесі жылы 12 шілдеде Н.Назарбаев­тың ұсынысы бойынша Алматы қаласында ТҮРКСОЙ ұйы­мы құрылды. Содан кейінгі жылдары Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ТүркПА (парламенттік ассамблея), Түркі кеңесі (түркі мемлекеттері жоғары басшылығының мемлекеттік органы), Түркі акаде­миясы құрылды, сондай-ақ саммит­тер, іскери форумдар, құрылтайлар және т.б. өткізіліп келеді.

Елбасының саясат алаңындағы мұндай адам сенгісіз қарқыны отан­дық қана емес, шетелдік ғалымдарды да шабыттандырып, ынталандырғаны хақ. Н.Назарбаев өзін 90-жылдардың басында-ақ халықаралық ауқымдағы көшбасшы ретінде таныта білді. Академик Әбдуали Қайдар бас болған қазақ түркітанушылары, Мәскеу және Санкт-Петербор, Еуропа, АҚШ, Корея, Жапония, Қытай мемлекет­терінің түркіта­нушыларын қоса ал­ғанда, татар, әзірбайжан, түрік, өзбек, түркімен, башқұрт, чуваш, қырғыз, карашай-балқар, ұйғыр, ноғай, қырым-татар, кұмық, алтай, тува, хакас, саха және басқа да қаламдас әріптестерінің арасында жоғары абыройға ие болып, солармен бірлікте Алматыда, Бакуде, Чебоксарыда, Ыстамбұлда және Бішкекте бірқатар халықаралық ғылыми конферен­ция­лар өткізді. Дәл осы кезеңде белгілі түрік түркітанушысы Ахмет Эржы­ласун Ысмайыл Гаспыралының «Шыңғыс пен Темір заманынан бері тамырдан қол үзбеген қазақ тілінің түбінде түгел түркіге ортақ тіл болуы мүмкін» деген сөзін негізге ала отырып, қазақ тілінің қызметі мен маңызына аса байыппен зер салды. Анкаралық тағы бір жас профессор Ферхат Тамер, Қазақстанға ешқашан келмесе де, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа оқитындығымен және Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбек­терін бүге-шігесіне дейін жіті біле­тіндігімен түркітанушы ғалымдарды ғана емес, жалпы қазақ тілі ма­мандарын, әсіресе қазақтардың өзін таңғалдырды. Осыдан кейін қазақ мәдениеті, қазақ тарихы және қазақ тілінің гуманитарлық ғылымдар арасында мәртебесі арта бастағаны ақиқат. Халықаралық ғылыми қоғамдастықтың күш-жігерімен осындай форумдарда егжей-тегжейлі әрі жан-жақты талқылаудың нәти­жесінде түркі тілдерінің дыбыстары анықталып, тізімі бекітілгенін, сондай-ақ дауыс беру жолымен (әрбір түркі халқының аса беделді тілші-ғалымдарының қолхатымен) түрлі түркі тілдеріндегі ұқсас ды­быстарға бірыңғай таңба беру қа­ғидаты қабылданғандығын мақта­нышпен айтуға тиіспіз. Қабыл­данған осы жалпытүркілік әліпби тілші-түр­кітанушылар арасында «Назарбаев нұсқасы» деген атауға ие болды.

Сондықтан да осы «Жалпытүр­кілік әліпби» Қазақстан Республи­касының Президенті Н.Назарбаевқа арналып Ыстамбұл қаласында өткен Түркі кеңесінің арнаулы салтанатты рәсімінде ресми түрде бекітілді. Бұл рәсім 2012 жылғы 1 желтоқсанда өткі­зілді. Осы сәттен бастап, 1 жел­тоқ­сан Қазақстан Республикасында жаңа ұлттық мейрам – Тұңғыш Президент күні ретінде аталып келеді.

Жалпытүркі әліпбиі не үшін қажет? деген сұраққа келейік. Алды­мен, бұл келелі мәселеде ешбір идеологиялық немесе саяси астар жоқ екендігін нықтап ескерткеніміз жөн болар. Бұл әліпбиге қарапайым прагматизм және түркі тілдерінің ерекшеліктері ғана негіз болды. Шындық біреу-ақ: барлық түркі тілдерінің негізгі лексикалық сөздік қоры біркелкі екендігі соншалық, бұл құбылысты мамандар әліге дейін толыққанды түсіндіруге күш салумен келеді. Классикалық үнді-еуропа­лық компаративистика ғылымы да бұл құбылысты анық түсіндіре алмас, сірә. Өйткені оның канондары бойынша, негізінде бұлай болу мүмкін де емес. Мысалы, аяқ, бас, балық, қол, теңіз, көк, темір, көз, ер, қонақ, қыз, ата, тау, құлақ, оқ, ат, ет, ақ, сары және мыңдаған басқа да лексемаларды кез келген түркі азаматы түсінеді. Мұндай елеулі факторды елемеу мүмкін емес екенін Елбасының терең түсінуі ол кісінің көрегендік қасиетіне тән. Қолда бар әлеуетті пайдалану, басқалардан үйрену, пайдалы тұсы болса – басқаларды үйрету, бәсекеге қабілетті болу, жарқын болашаққа ұмтылу және ата-бабаның қуатын бойына сіңіріп, аяққа нық тұру – Н.Назарбаевтың мызғымас ұстаны­мы, рухани жаңғырудың негізгі мәні, мемлекетіміздің ілгері қарыштаған саясатының жемісі.

Жоғарыда аталған тарихи жиында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Хәлел Ақынжы мен түркітанушы, қазақ тіл білімінің маманы, сол кездегі Түркиядағы елшіміз Ж.Түйме­баев өз қайнар-бұлақтары­мызға, яғни тілі­мізге, мәдениетімізге қайта оралу үдерісі бүгіннен басталады деп атап көрсетіп, түрікше Türk Konsey атауын Türk Keneşi деп өзгертті: «Иә, кеңес, кеңеш сөзі қазіргі түрік тілінде жоқ, яғни ұмыт болған. Бірақ «кеңес» деген мағына беретін бұл сөз туыстас қазақ, қырғыз және басқа да тілдерде бар. Сондықтан Түркі кеңесі бастапқы түркі түпнұсқасына қайта оралып, ана тілінің сөзін ортақ лексикалық қорға қайтаруды шешті».

Сонымен, қазіргі түрік графика­сында жоқ [қ] – q, [ң] – ŋ и [ә] – ә дыбыстарын білдіретін әріптер

Н.Назарбаевтың атымен байла­нысты­рылатын жалпытүркілік әліпбиге енгізіліп, бір ғана дыбыстың бірнеше жұп фонетикалық нұсқалары аздаған диакритикалық айыр­машылықпен бір таңбамен белгі­ленді, мысалы, o және ö, u және ü, s және ş және т.б. Әзірбайжан делега­циясының өкілдері а нұсқасын ä түрінде таң­балаудың орнына, қазақ кирилл әліпбиіндегі ә графемасын «қиылып сұрап алды» десек, артық айтқандық емес. Олар мұны бұл дыбыстың әзір­байжан тілінде өте жиі кездесетін­дігімен және жазуда бір сөзде бірнеше рет екі нүкте қойғанға қарағанда ә әрпін жазудың әлдеқайда қолайлы екендігімен дәйектеді. Тоқетері, ерекше дыбыстары бар жекелеген түркі тілдерінің пайдасы үшін ымы­раластық шешімге негізделген әліпби жасалды. Әрине, жалпы­түркілік әліп­би ұсынымдық сипатта әзірленді және әрбір халық дербес тілдік мүдделерін өздері шешуге ерікті болды. Сонымен қатар бұл әліпбидің құрамына әлемдегі барлық түркі тілдерінің түгел ды­быстары енгізіліп, 34 әріп қабыл­данды. Алайда нақты жекелеген түркі тілі өздеріне қажетті таңбаларды алатындықтан, олардың саны әліп­би­лерінде аз болатындығы түсінікті.

Бұл әліпбиді толықтай келті­рейік.

Дәл осы жалпытүркілік әліпби әзір­байжан және түркімен тілдерінің жаңа латын графикасындағы әліпби­леріне негіз болды. Өзбектер диграф­тар мен апострофтарды қолдануды қалап, басқа жолмен жүрді. Осының салдарынан лингвист-филологтардың өздері өзбек жазуының ұзаққа со­зылған дағдарысына түсініктеме беруге мәжбүр болып келеді. Уақыт үнді-еуропа тілдерінің сөзжасамдық тәсілдерінің бәрін бірдей түркі тіл­деріне қатысты қолдану дұрыс бол­майтынын көрсетті. Түркі тілдері үшін «бір таңба – бір дыбыс» тезисі­нің дұ­рыстығы және орындылығы тәжі­рибе жүзінде расталды.

Қырғыз, татар, башқұрт, чуваш және басқа да түркі тілдері болашақта әліпби жасау ісінде жоғарыда аталған жалпытүркілік әліпбиді бағдарға алуды қолдайды. Бұл қағидаттарды қазақ тілшілер де ұстанып отыр және әрі қарай да осы ұстанымдарында қала бермек.

Әлем елдері түркітанушы­ла­ры­ның осындай ынтымақтастық тұжы­рымда болуының себебі – еуразиялық интеграциялану үрді­сінде бүкіл дү­ние­жүзі мойындаған басшы – Қазақ­стан Республи­касының Президенті Н.Назарбаев­тың дәйекті де тиімді бастамалары­ның маңызы орасан зор екендігін жете түсінуде. Н.Назарбаев­тың құн­ды­лық­тар жүйесіндегі түркі ынты­мақ­тастығы Еуразиялық эконо­микалық одақ пен Кеден одағын, Ұлы Жібек жолы трансконтинен­талдық жо­басын, Үлкен Еуразия идеясын, Еуразиялық одақ пен Қазақстан үшін тиімді басқа да бастамаларды дамы­туға ешқандай да қайшы келмейді, керісінше, оларды ынталандыра әрі дамыта түседі. Президенттің өзі көрегендікпен дәл атап өткендей, бұл бастамалар «өзіміздің тарихи рөлімізді қайта жаңғыртуға және Ортаазиялық өңірдің ірі іскери транзиттік хабы болуға, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпір болуға» негіз саналады.

Осы орайда Кембридж универ­ситеті Азиялық зерттеулер инсти­тутының директоры, профессор Джефри Ханның 2012 жылы универ­ситетке Н.Назарбаев барғаннан кейін айтқан мына сөздерін келтіруге тиіспіз: «Түркі халықтары және олар­дың мәдениеті орасан зор бүкіл­әлем­дік әлеуетке ие және Еуропа мен Азия тоғысында әлемдік сахнада ма­ңызды екендігі даусыз. Осы уақытқа дейін бірде-бір британ уни­версите­тінде түркітану бөлімшесінің болмауы – өкінішті жайт. Сондықтан біз Кем­бридж университеті қабыр­ғасында қазақ тілін үйрету мен оқытуға ба­рын­ша күш-жігер салуға дайынбыз…»

Батыс пен Шығыс, Түркі әлемі мен Еуропа, міне, осылай тоғысуда – өмірдің өзі өзара мүдделілік сипа­тындағы жаңа бастамаларға түзету енгізіп отырады және оны әрі қарай дамыта түседі.

Елбасының кемеңгерлігі де осын­да – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену үшін біз өзіміздің ұлттық рухымызды жаңғыртуға баса назар аударуға тиіспіз, дербес төл мәдение­тімізді дамыту үшін жалпы­адамзат­тық, еуропалық демократия­лық құндылықтарға жүгінуіміз қажет. Осы бағыттағы іс-әрекеттер бола­шаққа – рухани жаңғыруға, қоғам­дық сананы жаңғыртуға ұмтылған біртұтас асқақ мақсаттар аясында іске асып жатады.

Тіл – халықтың жаны ғана емес, ол – ұлттың болмысы, оның тарихы, тіпті, оның ертеңгі келешегі де.

Ол – рухани кодтың негізі, болашаққа бағдарланған дәстүр. Өткен ғасыр­дағы белгілі түркіта­нушы-энцикло­педист, ұлты – неміс, бірнеше онда­ған шығыс және еуропа тілдері­нің тамаша білгірі В.Радлов ең дамыған, әлемдегі ұлы тілдер үшті­гіне француз және орыс тілдерімен қатар қазақ тілін де жатқызған.

Қазақ жазуын латын графика­сына көшіру қазақ мәдениетінің ғана емес, жалпы еуразиялық өркениеттің жаңа даму сатысы деп білеміз. Қазақстан­ның тарихи миссиясы, міне, осында жатыр. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, бұл халқымыздың, сонымен қатар бүкіл адамзаттың мұраты ретінде, бейбітшілік пен жасампаздықтың, біртұтас ұйысу мен ынтымақтастық­тың, толеранттылық пен өзара түсі­ністіктің үлгісі болуға қызмет етеді.

Сөз соңында Назарбаевтың жал­пы­түркілік әліпбиі осы ізгі жол­дағы игі мақсаттарға қол жеткізу­дің ма­ңыз­ды әрі пәрменді құралы дегім келеді.