Рухани кодтың түп тамыры – мемлекеттік тіл

Рухани кодтың түп тамыры – мемлекеттік тіл

​Мемлекет пен қоғамды ұйымдастырушы күштің бірегейі – мемлекеттік тіл. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде мемлекеттік тіліміз де елмен бірге жетіліп, қолданыс аясы кеңейе түсті. Оның әрбір сатысынан Елбасының қолтаңбасын көруге болады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы «Халқымыздың тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады...Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген болатын. Рухани кодтың түп тамыры мемлекеттік тілде жатыр.

Тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың Елбасы ұсынып отырған әрбір бағы­тын жүзеге асыру, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуын қамтамасыз ету, тіл саясатының негізгі басты бағыттарының бірі ономастика – «Жер-судың аты – тарихтың хаты» дегендей ақтаңдақтарды жойып, өскелең ұрпақтың елінің тарихына деген патриоттық сезімін ояту бағытындағы жұмыстарды нығайту, екінші үлкен сала – терминология, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы бекіткен терминдерді стандарттау, терминологиялық қорды біріздендіру, үшінші үлкен сала – тарихи маңызды қадам, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – латын қарпіне көшу және т.б. жұмыстарды жүзеге асыру Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі.

Сонымен қатар Елбасы елдің әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарын анықтайтын жыл сайынғы Жолдауын жасап келеді. Осы Жолдауларда мемлекеттілігіміздің тірегі ретінде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту жайына айрықша тоқталып отырады. Бір-бірінің жалғасы іспеттес жасалып отырған Жолдаулар тұрақты тіл саясатын жүргізуге арқау болуда.

Нәтижесінде еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап тілдерді дамыту саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді.

Республикамызда мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы қалыптасты. Осы жылдар арасында көп деңгейлі оқу-әдістемелік кешендер, ертегілер, балаларға арналған әдебиеттер, салалық сөздіктер, танымдық, ғылыми, публицистикалық кітаптар шығарылды.

Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген жетістіктердің бірі жер-су, объектілер атауларына бірыңғай көзқарасты қалыптастыру, олардың есебін жүргізу тарихи атауларды қалпына келтіру мақсатында Ономастикалық комиссия жұмысын бастады. Осы жылдар арасында республика бойынша ономастикалық атауларды реттеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар тәуелсіздік алған уақыттан бері Алаш арыстарын ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында олардың есімдерін бірқатар объектілерге, әкімшілік аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне беру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бүгінгі таңда республика бойынша Ә. Бөкейханның, А. Байтұрсыновтың, М. Жұмабаевтың, М. Дулатовтың, М. Шоқайдың есімдерімен бірнеше көшелер мен объектілер аталады. Сонымен бірге үстіміздегі жылғы27 қарашадаөткізілген ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының кезекті отырысында Қарағанды облысыБалқаш қаласының №15 мектеп-лицейінеӘлихан Бөкейхановтың есімін беру, Приозерск қаласыныңОзерная көшесін– Алаш көшесі, Сәтбаев қаласындағы Первостроителей көшесін – Алаш көшесі, Алматы қаласының бірқатар көшелерінеЖанша Досмұхамедовтің, Телжан Шонанұлының, Смағұл Сәдуақасұлының, Ақтөбе қаласының Л.Мирзоян көшесіне – Әлихан Бөкейхановтың, Гарнизон көшесіне – Жанша Досмұхамедұлының есімдерін беру жөнінде Комиссияның оң қорытындысы берілді.

Сонымен бірге бүгінгі таңда идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды тарихи және дәстүрлі атаулармен өзгерту жұмыстары да қызу қолға алынып отыр.

Ақтөбе қаласындағы Пугачев көшесін – Мұхтар Әуезов, С. Разин көшесін – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Первомайский көшесін – Сырым батыр, Р. Люксембург көшесін – Дина Нұрпейісова, Д. Бедный көшесін – Қасым хан, М.Т. Ряхов көшесін – Махмұд Қашқари, сондай-ақ Кобозев, Тельман,Ағ.Коростылевтар, Краснощеков, Жуковский, В.Ф.Зинченко, В.И.Чапаев, Декабристер, Котовский, Воровский, Киселев, Ленинградский, Земледельческий, Патоличев, Бабушкин көшелеріне,Тараз қаласындағы Вишневая көшесін – Меруерт, Клубничная 1 көшесін – Ұзынтау, Лесная көшесін – Балқарағай, Абрикосовая көшесін – Қазына, Болотная көшесін – Ақбақай, Павлодар қаласындағы Ленин көшесін – Астана, Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы 70 лет ВЛКСМ көшесін – Болашақ, Комиссаров көшесін – Сарыарқа, Крупская көшесін – Ынтымақ, Октябрская көшесін – Береке, Қарағанды облысы Приозерск қаласындағы Береговая көшесін – Бастау, Весенняя көшесін – Сарыарқа,Сәтбаев қаласындағы Комаров көшесін – Мәңгілік Ел, Алматы қаласындағы 114 атауы қайталанатын көшемен қатар Фурманов көшесін – Нұрсұлтан Назарбаев көшесі,Шығыс Қазақстан облысы бойынша Маяковский атындағы негізгі мектебі – Салқынтөбе, Шевченко атындағы негізгі мектебі – Қаражал, Крупская атындағы негізгі орта мектеп-интернаты – Негізгі орта мектеп-интернаты деп қайта атау және өзгерту бойынша және т.б. ұсыныстарға оң қорытынды берілді.

Сонымен қатар өңірлер бойынша облыстық ономастика комиссиясында Ақмола облысында Қорғалжын ауданының Коммунар ауылдық округі – Майшұқыр, Ақкөл ауданының Минское ауылы – Сазды бұлақ, Виноградовка ауылы – Кемеркөл ауылы, Октябрьская, Комсомольская, Ленин, Степная, Стройтельная және т.б. көшелері Ұлы Дала, Тәуелсіздік, Нұрлы жол, Желтоқсан сынды ұлттық танымға жақын атаулармен, сонымен қатар Абылай хан, Ыбырай Алтынсарин, Қаныш Сәтбаев, Тұрар Рысқұлов сынды ұлы тұлғалардың есімдерімен қайта атау туралы ұсыныстарға, Батыс Қазақстан облысы бойынша Белогор, Полтава, Лубен ауылдық округтерімен қатар, М.Минаева, Октябрьская, Советская,Центральная, Ленина, Фурманова, Чапаева және т.б., Қостанай облысы бойынша Маяковский, Щербаков, Александров ауылдық округтері, Давыденовка ауылы,Украинская, Степная, Больничная, Зеленыеряды, 40 лет Октября, Аэродромная, Комаровжәне т.б.,Жамбыл облысы бойынша40 лет Победы көшесі – Жетісу, Школьная көшесі – Алаш, Клубная көшесі – Күлтөбе, Железнодорожная көшесі – Мұстафа Шоқай, Юбилейная көшесі – Мағжан Жұмабаев және т.б.,Қызылорда облысы бойыншаПроездная көшесі – Ақсу, Гидроузел көшесі – Мыңарал, Карьерный тұйығы – Шалқыма тұйығы, Метеорологический тұйығы – Мойылды тұйығы және т.б., Павлодар облысы бойынша Советов көшесі – Бостандық, Березовая көшесі – Аққайыңды, Лесная көшесі – Шалғынды, Степная көшесі – Жеңіс, Коммунистическая көшесі – Егемен, Советов көшесі – Болашақ, Набережная көшесі – Бірлік және т.б.атауларға тарихи жер-су атаулары мен дәстүрлі атауларға өзгерту жөніндегі ұсыныстарға оң қорытынды берілді. Маңғыстау облысында Советская, Авиатор, ВПЧ көшелерімен қатар басқа облыстарда да ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларымен өзгерту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар тағы бір үлкен қол жеткізген жетістік – республика бойынша 84 станцияның атауы мен транскрипциясы өзгерді. Атап айтқанда, Вишневка теміржол станциясы – Аршалы, Киргильда теміржол станциясы – Әлімбет, Джамбул теміржол станциясы – Тараз, Шипово теміржол станциясы – Тасқала, Ростошский теміржол станциясы – Белес, Ералиево теміржол станциясы – Қарақия, Черноводский теміржол станциясы – Игілік, Сергиевка теміржол станциясы – Ынтымақ, Биршогыр станциясы – Бершүгір, Кимперсай станциясы – Кемпірсай, Талды-Курган станциясы – Талдықорған, Семипалатинск станциясы – Семей станциясы, Чу станциясы – Шу, Бурное станциясы – Боранды,Чольдала станциясы – Шөлдала, станциясы;Учбулак станциясы – Үшбұлақ,Чебакты станциясы – Шабақты және т.б.

Тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты дейтін болсақ, ономастикалық, ұлттық атаулар халқымыздың, өскелең ұрпақтың елжандылығын, еліне деген ұлттық мақтанышын білдіретін тәрбиелік рухани, мәдени маңызы зор факторы болып есептелмек. Елдігіміздің көрінісін, бет-бейнесін көрсететін, байырғы қазақ ұлты мен ұлы даласының асқақтығын айғақтайтын тарихи атаулар мен байырғы атауларды сақтау және қайтару ол бүгінгі күннің мәселесі.

Кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде әлі де жүздеген, мыңдаған елді мекендер мен ұйымдар, мекемелер, өткен кезеңнің отаршылдық, кеңестік-идеологиялық көрінісін білдіретін атаулар әлі де сақталып отыр. Алдағы уақытта елдің, жердің, халықтың ұлттық сипатын, тарихын паш ететін ономастика мәселелерін бүгінгі саясатымызға қарай реттеу мәселесі әлі де жалғасын табатын болады.

Тәуелсіздік алған жылдан бастап терминология мәселесі де дамып, жетілді. Қазақ терминжасамының ерекшеліктері, терминтанудың тарихы мен келешегі және басқа да терминология саласының өзекті мәселелері жүйелендіріле бастады. Қазақ терминологиясының ұлттық ерекшелігін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде елімізде терминологиялық қор 21 000 терминді құрайды. Алғаш рет терминографияны дамыту және терминдерді біріздендіру мақсатында 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздік шығарылды.

Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында 2016 жылы «Tilalemi.kz» порталы, «Termincom.kz» терминологиялық, «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық бірыңғай электрондық базалар, яғни сайттар ашылса,2017 жылғы желтоқсан айының соңында балаларға арналған «Balatili.kz» сайты іске қосылады және балаларға арналған 15 сериядан тұратын «Сөз қазынасы» анимациялық фильм, бәсекеге бейім қазақтілді жастарды көтеру, қолдау мақсатында «Енші» зияткерлік-танымдық сайысы тележобасы көпшіліктің назарына ұсынылады.

Сонымен қатар 2017 жылдың басты жаңалығы, тарихи маңызды қадам, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – латын қарпіне көшу.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы халыққа жария етілгеннен кейін ел ішінде ерекше серпіліс туғызған, жағымды жаңалық ретінде елді елең еткізген басты оқиғаның бірі осы әліпби ауыстыру мәселесі болды. Қалың жұртшылық, шығармашылық интеллигенция, ғалымдар қауымы, әсіресе жастар жағы көптен күткен бұл шешімді үлкен қуанышпен қабылдады. Олай болатыны табиғи. Өйткені бізде латын әліпбиіне көшу тәуелсіздік таңы атқан күннен бастап жиырма бес жылдан астам мерзім ішінде көп талқыланған, зерделенген, қоғамның басым бөлігінің қолдауына ие болып, шешімін күтіп жүрген мәселе.

Латын қарпін қабылдау бізге не береді дейтін болсақ, бұл ең алдымен, түркі жұртының бірлігін, өзара ықпалдастығын арттыруға игі ықпал етеді.

Латын әліпбиіне көшудің біз үшін екінші бір ұтымды қыры – Еуропа елдерімен ықпалдасуға, интеграцияға кеңірек жол ашады.

Үшіншіден, ғылыми ақпараттар мол жинақталған елдер қолданып отырған латын әліпбиі ғылыми интеграцияға, әлемдік ғылыми кеңістікке кірігуімізге де септігін тигізеді.

Әліпби ауыстырғанда ұтар тұстарымыздың тағы бірі – ақпараттық технологиялар тілін меңгеру, оларды қиындықсыз пайдалану мүмкіндігінің артатындығы.

Бүгінгі таңда латын қарпіне көшу мәселесіне қатысты Министрлік тарапынан ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.

Елбасы 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды.

Министрлік тарапынан қазір «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі» ұлттық комиссия құрылды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2017 жылғы 14 қарашада № 153 өкімімен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның құрамы мен ережесі бекітілді және алғашқы отырысы үстіміздегі жылы 16 қарашада өткізілді.

Комиссия құрамына ҚР Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Парламент депутаттары, тиісті министрліктердің басшылары, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері мен тіл саласының мамандары кірді.

Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуі бойынша іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі.

Аталған іс-шаралар жоспары жобасында қазақ әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуі егжей-тегжейлі көрініс табатын болады. 2025 жылға қарай іс қағаздар, мерзімді баспасөздер, оқулықтар бәрі де латын әліпбиімен басылып шығарылатын болады.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығынан, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан, ЖОО-нан тіл және IT технология саласындағы сарапшыларды тарта отырып орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптамалық-техникалық жұмыс топтарықұрылды. Ұлттық комиссияның екінші отырысы өткізілді. Бүгінгі таңда аталған жұмыс топтары белгіленген жоспарға сәйкес өз жұмыстарын жүргізетін болады.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда дүниеге кең тараған латын әліпбиі түркі жұртының түгел болуына қызмет ететін, заманауи технология тілін меңгеру мен әлемдік ақпараттық кеңістікке енудің сара жолы. Елбасымыз атап өткендей: «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – бұл – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әрі әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам» болмақ.

Бұл қадамдар тарихымызға, өткенімізді саралап, болашағымызды болжауға қосар үлесі мол қазына болады деп ойлаймын. Тарихты тереңнен зерттеп, ұрпаққа ұлағатты іс қалдыру арқылы ғана іргелі мемлекеттігімізді сақтай аламыз.