Ересек аудиторияның тілдік коммуникативтік құзыреттілігін жетілдірудің өзекті мәселелері

Ересек аудиторияның тілдік коммуникативтік құзыреттілігін жетілдірудің өзекті мәселелері

Мақалада мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін сапалы оқыту әдістемелері қарастырылады. Автор мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін жетілдірудің әдіс-тәсілдерін ұсынады. Сонымен қатар мақалада мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігін арттыратын материалдармен жұмыс істеу әдістемелері көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, ҚР Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», бес институционалдық реформа мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттіліктерін арттыруды қажет етеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (бұдан әрі - Академия) мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметінде қазақ тілін қолдануын жетілдіру бойынша бірқатар әдістемелік жұмыстар атқарылды. Солардың негізгілеріне ересек аудиторияның тілдік құзыреттілігін арттыруға арналған ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жатқызуға болады.

Мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттыру бойынша үйлестіру жұмыстары Мемлекет Басшысының №623 Жарлығын орындау мақсатында Академияның жанынан құрылған Республикалық Ғылыми-әдістемелік кеңесте тұрақты түрде қарастырылып тұрады. 2014 жылдың наурызында, 2015 жылдың қаңтар-ақпан айларында барлық мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттыру мәселелері бойынша сұраухат жолданып, мониторинг жүргізілді.

2015 жылғы 16 маусымда, 2016 жылғы 31 мамырда Академияда өткен республикалық ғылыми-әдістемелік кеңестерде мониторинг қорытындылары жан-жақты талқыланып, мемлекеттік қызметшілердің ауызша-жазбашасөйлеу құзыреттілігін арттыру, соның ішінде, әр түрлі ресми стильді дискурстарға түсуін, монологты ойлауын, аналитикалы-сараптамалық талдаулар жасауын игертетін әдіс-тәсілдер, әдістемелер арқылы оқыту қажеттілігі айқындалды.

Мақалада мемлекеттік қызметшінің, яғни, ересек тыңдаушының тілдік құзыреттілігін арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдер, авторлық технологиялар талқыланып, тұжырымдалады.

Мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігі, атап айтқанда, көпшіліктің ауызша ресми стильде сөйлеуі, БАҚ, басқа да ақпараттық құралдарда сұхбат беруі, кез келген тақырып бойынша ойларын логикалық жағынан өрбітуі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Егер тарихқа үңілетін болсақ, адам жер бетінде пайда болғаннан бастап тіл арқылы жанындағылармен қарым-қатынасқа түскен. Өзінің тұрақты түрде өмір сүретін жерін толық игерген тұлға әлеуетін қалыптастыру барысында көршілес мемлекеттерді де зерттей бастайды. Аталған үрдіс кеме құрылысы басталғаннан кейін жаппай көрініске ие болды. Мәселен, бүгінгі күні барлық Оңтүстік Америка португал және француз тілдерінде сөйлеп, инк, майя сияқты тұрғылықты халықтың жазбаша, ауызекі әлеуеті мен мәдениеті толығымен жоғалған. Ал солтүстік Америка ағылшын, Канада француз, Мексика испан тілдерінде сөйлеп, жазады. Осы ойды жалғастыра беруге болады. Бізді толғандыратын мәселе: неліктен мемлекеттік қызметшілер өз тілдерінде еркін сөйлеп, жазуын аудармасыз мемлекеттік тілде жүргізбейді деген ойлар.

Бұл проблеманың өрбуін өткен ғасырдың 30 жылдарынан зерделеуге болады. Қазақ азаматтарын орыстандыру үрдісі ауылдарды колхоздар мен совхоздарға айналдырып, ҚазССР-дың территориясына Кавказ бен Волга жағалауының барлық аймақтарынан халықты көшіру барысында, бұрынғы ҚазССР-дің жеріне саяси және қылмыстық істері үшін бас бостандығынан айырылғандарға арналған Қарлаг, АЛЖИР сияқты ірі лагерлер мен жер аударылғандарға арналып салынған мекендердерде өмір сүрген адамдармен жергілікті халықтың қарым-қатынасқа түсуінен, көп жағдайларда ортақ, түсінікті тілді қолдануларынан бастауын алады.

Аталған ауқымды өзгерістер қазақ тілінде сөйлеу мәдениетінің әлсіреуіне әкелген бірден-бір себеп болып, мемлекеттік тілдің беделін түсеретін негізгі факторлар болып табылады. Сонымен қатар, тарихи анықтамадан кең орындарына бай Қазақстанның территориясында Теміртау, Сатпаев, Лисаковск, Соколов-Сарыбай сияқты қалалардың пайда болуы, сол мекендерге орыс тілді мамандардың жаппай тартылуы да тіл мәдениетінің беделіне елеулі әсер етті.

Совет Өкіметінің съездері шешімімен Маңғышлақ (АЭС қаласы), Байқоңыр космодромы, бұрынғы Семей облысының территориясында Курчатов пен Чаган қалалары салынды. Аталған қалаларда орыс тілді оқу орындары, көптеген зерттеу институттары т.б. жұмыс істей бастады. Көрсетілген фактілер орыс тілі мәдениетінің кеңінен қолданылуын, ал мемлекеттік тілдің қолдану өрісінің төмендеуіне әкелді.

Қазақстандағы жаппай орыстандыру мәдениеті тың жерлерді игеру жылдарында жалғасын тапты. Коммунистік партияның бастамасымен, Қазақстанның тың жерлерін көтеруге РСФСР, Украина, Белоруссия республикаларынан жүз мыңдап халық көшіріліп, жаһандандыру үрдісі орыс тілінің беделін одан әрі көтеріп, қазақ тілінің қолданылуын жоққа шығара бастады. Ғылыми, мәдени, білім беру жаңалықтары орталықтан, яғни Мәскеуден орыс тілінде келетіндіктен, қазақ халқы орыс тіліне жаппай бет бұрылды, қазақ мектептері жабылып, қалаларда орыс мектептерінің саны көбейді, жоғары оқу орындары орыс тілді мамандарды әзірлей бастады т.б. Тәуелсіздік алған жылдан бастап қана сөз мәдениеті мемлекеттің тіл ретінде қалыптастырыла бастады.

Патриоттық пен мемлекеттің тілі сияқты ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақ ұлтының тілді білмеуінің тарихи себептері жоғарыда айтылды. Орталықтан, Мәскеуден басқарылып, орыс тілінде ғана іс қағаздары жүргізілген кеңестік жүйенің қазақ тіліне тигізген зияны баршамызға белгілі. Алайда лингвистика ғылымы қазақ тілін 3 айда толық меңгеруге болатынын дәлелдеді.

Мемлекеттік қызметшілер ересек аудиторияға жатады, мектеп-жоғары оқудың тілдік дайындығынан өткен, көпшілігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы бірнеше тілді игерген жаста. Ал қазақ тілін жеткілікті деңгейде білмейтіндіктен, үйреншікті орыс тілінде сөйлей береді.

Осы жерде тілді оқытуды ғылыми тұрғыдан «жетілдіру» мәселесі туындайды. Педагогика ғылымында бірнеше тілді жетік меңгерген тыңдаушыға игерілген тілдердің әдіс-тәсілдері арқылы басқа тілді үйрету әдістемесі терең зерттелген. Аталған ғылыми зерттеулер үйренушінің «қалыптасқан тілдік фундаментіне» жаңа тілді қондыру арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қызметшінің орысша, ағылшынша білетін тілдік қоржынын қолданбай алып тастауға болмайды, себебі ол қор әр түрлі әдіс-тәсілдерді игеру арқылы жинақталды. Сондықтан да тыңдаушының бойында жинақталған әдіс-тәсілдер қазақ тілін меңгеру барысында қолданылуы тиіс. Осы жерде жазу мен сөйлеуді жетілдіруде тақырып бойынша ойды жоспар-құрылым арқылы реттеудің әдіс-тәсілдерін қолдануды айтып кеткен жөн.

Тіл мамандары экономист, заңгер, дипломат емес, алайда олар аталған салалардың мемлекеттік қызметшілеріне қажетті мәтін, баяндама, шолу, сараптамалық талдау жаздырады. Оқытушылар тренинг сабақтарында тақырып бойынша ойларын логикалық жағынан реттетіп, 15-30 сөйлемдік баяндама жасауға бағыттайды, жазып болғаннан кейін баяндамаларын өздеріне оқытып, аудиторияға дұрыс сұрақ қоюды үйретеді, баяндамашыға сұраққа нақты жауап беру жолдарын көрсетеді. Осылай сабақтан сабаққа қарай тыңдаушы тілдік білімін жетілдіреді.

Мемлекеттік қызметшілердің сөйлеу тілі бойынша мынадай проблемаларды атап өтуге болады:

* екпінді дұрыс қоймаулары, мәтінді орфография бойынша оқулары.

* Мемлекеттік қызметшінің ресми дикциясы, көпшілік алдында сөйлейтінсөзді дұрыс айту нормаларын меңгеруі, дискурс мәдениеті және дағдысы.

Аталған кемшіліктер фундаменталды түрде бала-бақша мен мектепте қалыптасады. мәтінді оқуды орфоэпиялық нормаға сай оқыту (дауысты, дауыссыз дыбыстардың орфоэпиялық оқылымын меңгерту), мәтінді абзацтарға бөліп, әр абзацты бір сөйлеммен мазмұндауды игерту, мәтін бойынша көзқарасты білдіруге икемдеу т.б.

Мәтінді оқуға бағыттайтын жалпылама әдістемеден кету керек. Негізі, жалпылама сөйлеу, жалпылама оқыту ешқандай нәтиже бермейді. Бүгінгі күні орыс тілді жоғары білімді ересек адамдардан қазақ тілінде орфоэпиялық норма бойынша оқу жоқ дегенді естігенде қынжыласың. Олардың айтып тұрғандары дұрыс, өйткені қазақ тілінде оқытуды үйрететін мұғалімдер оқулықта қалай жазылса (орфографиялық норма бойынша), солай оқытады. Бұл дегеніміз – оқытуды жүзеге асыратын мұғалімдерге ешқандай талап қойылмайды. Бір мақала төңірегінде оқыту стандарттарын саралауға мүмкіндіктің жоқтығынан, мұғалімдерге осы мәселеге жан-жақты назар аудару қажеттегін айтқымыз келеді.

Оқытудың тағы бір маңызды мәселесі – сөйлеу. Сөйлеу оқумен тығыз байланысты.

Академик М.С. Серғалиев ауызша сөйлеу тіліндегі дауыс мәнеріне баса назар аударумен бірге дұрыс сөйлеу ережелеріне тоқталады. Бұл жөнінде ғалым: «Орфография мен орфоэпияның заңдылықтарын сақтау сауатты жазу және дұрыс сөйлеу мәдениеттілігінің көрінісі болып табылады», – дей келіп, көпшілік алдында сөз нормалары мен тұрмыстық қатынастағы сөйлеу тіліне тән дыбыстау нормаларын араластырмай, қалыпты межеден жөнсіз ауытқып кетпей, сауатты сөйлей білу тілдік қарым-қатынас үшін аса маңызды екенін ескертеді. Сондықтан дұрыс сөйлеуге бағыт-бағдар көрсететін, қазіргі қоғамымыз үшін аса қажет құралдың бірі орфоэпиялық сөздік құрастыру қажеттігі туралы және оның құрастырылу жолы жөнінде: «Радио мен теледикторларға, комментаторларға, жалпы эфир арқылы сөйлеушілерге арналған орфоэпиялық сөздік жасаудың кезі келді. Ондай сөздікті бір немесе екі автордың құрастыруы тіптен жеткіліксіз, өйткені мұндай сөздік қазақ сөздерін түгел қамтымаса да, басым көпшілігін жинауға тиіс; оның үстіне жаңадан пайда болып жатқан сөздердің енгізілуі жөн; мыңдаған жер-су атаулары, ел, мемлекет аттары сөздіктен сырт қалмағаны жөн», – дейді [1, 5 б.].

Анық, түсінікті айтылған дискурс және дұрыс қойылған дауыс тыңдаушы жаққа көрсетілген құрмет, басқа адамдарды өзіне тарту. Ол үшін тілдің фонетикалық және фонологиялық сипатын меңгеріп, сөйлеу кезінде денені бос ұстап, қысылмай, еркін тұрса, дұрыс демалса, сонда дыбыстар дұрыс жасалып, жақсы айтылады және естіледі.

Ең бастысы, мемлекеттік қызметшілер өз ісін, атқаратын қызметін жақсы білсе және өзі қызмет ететін саланың ерекшелігіне қарай өзіне де сондай талаптарды қоя білсе болғаны, өйткені мемлекеттік қызметшілер – ақпараттық-анықтамалық құжаттарды орындаушылар ғана емес, сонымен қатар мәдениеттілікті жеткізетін тұлғалар болуы тиіс.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан бері ауызша дискурстар өзінің қызметін өрістете түсуге мүмкіндік алып, соның нәтижесінде қазақ тілі тұрмыс аясында ғана емес, басқару орындарында, ғылыми мекемелер мен білім беру, оқу-тәрбие жүйесінде кеңінен қызмет ете бастағанмен, қазіргі кезде электронды бұқаралық ақпарат құралдарының қазақ тілінде берілетін хабарларында ауызша дискурстың айтылым мәдениеті аса жоғары деңгейде деуге болмайды, дискурсты дұрыс ырғақпен, үйлесіммен, үндесіммен дыбыстай алмайтын жайттар жиі кездесіп отырады. Біздің ойымызша, ауызша дискурс нормасының бұзылуы тілдің фонетикалық және фонологиялық сипатын ескермеуден туындап жатады. Фонетика үшін сөздің жазылуы емес, сөздің дыбысталуы, айтылуы, естілуі маңызды екені даусыз.

* мемлекеттік қызметшілердің қазақ тіліндегі дауысты, дауыссыз дыбыстардың үндестік заңдары, сингармонизм заңдылықтары деп аталатын табиғи гармонияны (үйлесімін) сақтамай бұзып айтулары;

* сөйлеу үстінде болатын логикалық паузалар, яғни ой екпіні түскен сөздерді сәл кідіріп, бөліп айтуды немесе сөздердің мағыналық топтарына қарай қажет жерінде оларды айрықша бөліп, я болмаса ұластыра қосып айту сәттерін біле бермеу;

* «қос қанаттың сыңары» деп келген орыс тілінің әсеріне байланысты кейбір қазақ тілі дауыстыларын сәл өзгертіп (орыс тіліндегіше) айту фактісі;

* әрбір сөйлемнің мағыналық интонациясын тап баса алмағандықтан, оның ішіндегі сөздерді дұрыс айта алмаушылық;

* қазақ сөздеріндегі жіңішке дауысты дыбыстарды жуандатып (айтеуыр, саулем, саулемсың) немесе, керісінше, жуан сөздерді жіңішкертіп айтулары (мені сүйген бір әдәм бар) т.т. [2, 16 б.].

Жоғарыда көрсетілген проблемалар бойынша келесідей әдістемелік ұсыныстар беріледі:

* мемлекеттік қызметшілер көбінесе орфографиялық нормалар бойынша сөз сөйлейді. Осыдан барып ауызша айтылған мәтінде жазбаша заңдылықтар білініп тұрады. Бұдан кейбір адамдардың орфоэпиялық ережелерді қаншама жақсы біліп тұрса да, оның көз жадында сөздердің жазылған түрі мықты сақталып, сол қалпында айтуға бейімделу болатыны байқалады. Оның үстіне әрбір сөйлеуші аузынан шығатын сөзін тыңдаушыға неғұрлым анық, айқын, түсінікті етіп жеткізуге тырысады. Мұндайда әдеттегі ауызша сөйлеуге тән интуитивті автоматизмге, яғни сөздің дыбысталуының дұрыс-бұрысын ойламастан, сөйлеу дағдысы бойынша өзінен-өзі дұрыс шығуына (айтылуына) емес, керісінше, осылай айтсам, сөзім тыңдаушыға анығырақ, түсініктірек жетеді-ау деген ойға жол беріледі [3, 17 б.].

* дискурстың орфоэпиялық нормалары төменде берілген ережелер қатарынан тұрады:

дауыстап оқи білу өз кезегінде кәсіби даярлықты қажет етеді. Өйткені «Дауыстап оқу – таза байланыс жасау, жазбадағы әрекетсіз, әсері аз ойлардың жандануы. Егер дауыстап оқуға ұқыпты дайындалмаса, әдетте, оқып беруші берілген ойды немесе оның тілдік көрнекілігін толық игере алмауы мүмкін».

Әртүрлі сөзформалардың құрамында кездесетін бір морфеманың бір дыбысының көрші дыбыстың әсерінен басқа дыбысқа өзгеруі дыбыс алмасуы деп аталады.Тілдің ауызша формасында дыбыстар үндестік заңына сәйкес үнемі үйлесіп, жымдасып қолданылады. Егер дискурсты көпшілік алдында жеткізуде осы үндестік сақталмай, бұзылатын болса, мұның өзі сөздің айтылуы мен жазылуының арасын айыра алмауды көрсетеді. Өйткені жазу сөздің айтылуын дәл бере алмайды. Дауысты дыбыстардың бір сөз көлемінде еріннің қызметі жағынан ыңғайласып, үйлесіп келуі ерін үндестігі деп аталады. Ерін үндестігі қазақ тілінің бірегей белгісі болып табылады. Бұл заң бойынша сөздің бірінші буынында еріндік дауысты болса, қалған буындарында да еріндіктер айтылуға тиіс.

Зерттеу жұмыстарында сөздің бірыңғай жуан немесе жіңішке, бірыңғай езулік немесе еріндік болып айтылуының фонологиялық мәні бар деп көрсетіледі. Сондықтан буын үндестігі қазақ тілінің негізгі орфоэпиялық нормаларының бірі болып табылады.

Қазақ тілінің сөздік қорындағы төл сөздер үндестік заңына бағынады. Мәселен, сөз түбірі жуан / жіңішке болса, оған жалғанатын қосымша да жуан /жіңішке болып келеді. Бірақ қазақ тілінің сөздік құрамындағы сөздердің барлығы қазақ тілінің заңдылығына бағынады деп айтуға болмайды. Мысалы, кірме сөздер ерін үндестігі заңдылықтарын сақтамайды.

Сонымен қатар дауыссыздардың бір-бірімен үйлестілігінің (ассимиляция) орфоэпиялық норма үшін ерекше мәні бар. Морфемалардың жігінде көрші келген дауыссыздардың акустикалық-артикуляциялық жақтан бір-біріне ұқсауы, бейімделуі ассимиляция деп аталады. Дауыссыздардың бір-біріне ықпалы прогрессивті, регрессивті және тоғыспалы түрде қарастырылады. Мысалы, Сараптама жасаған мемлекеттік қызметші Астана қаласының биылғы қысқа дайындығы жайлы хабарлады. Қала басшылары жылу маусымына қажетті сұйық отынды мемлекеттік сатып алу бойынша толық әзірлеген . Қазір 5 000 тонна мазут қоймада сақтаулы. Жақын күндері тағы да 20 000 тонна сұйық отын жеткізіледі.

«орфоэпия ұлттық тілдің қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметте шаршысөз (публичная речь) түрлерінің (театр, кино, радио-теледидар хабарлары т.б.) пайда болып, олардың әлеуметтік мәнінің артуы орфоэпиялық нормалардың орнығып, ұлттық сипатқа ие болуын жеделдете түсті. Алайда қатаң дыбыстарды «сындырып», «ұяңдатып» айту нормасы соңғы жылдары, әсіресе, мемлекеттік қызметте әріп қуалай, сөз қалай жазылса, солай оқу дағдысымен байланысты бұзылып, «қатқылдата» дыбыстау жиі ұшырай бастады. Бұл жай орфоэпия тұрғысынан қазақ сөзінің әуезділігіне нұқсан келтіретін жағымсыз құбылыс, нормадан жөнсіз ауытқу болып табылады» [3, 48 б.].

дискурс құрамында әртүрлі дыбыстық өзгерістер дыбыстық құбылыстар деп аталады.Олардың бәрі де айтуды жеңілдетуден тұрады. Мәселен, тіліміздегі кірме сөздің айтылуын жеңілдету үшін, сөздің алдынан басы артық дыбыстың қосылуын білдіретін протеза құбылысы қажет. Сол сияқты дискурс ішінде дауыссыздардың арасына дауыстының қыстырылуын көрсететін эпентеза, бунақтағы сөздердің арасында қатар келген екі дауыстының алдыңғысының түсіп қалуын білдіретін элизия және оған қарама-қарсы (қазақ тілінде сирек кездессе де) аферезис пен сөз ішіндегі дыбыстардың не буындардың өзара орын ауысуында көрініс табатын метатеза және сөз ішінде біркелкі (ұқсас) буындардың бірінің түсіп қалуынан көрінетін гаплология құбылыстарының қыр-сырын білу керек. Мысалы: арластыр (а-ра-лас-тыр).

Дискурстағы сөздер сөйлеу кезінде тұтасып немесе жеке-жеке тұрмай, топ құрап, әрқайсысы өзіндік екпін, ырғақпен айтылатынын аңғаруға болады. Қазақ тілінде бунақтағы сөздердің жұбын жазбай, араларында қатар келген дыбыстарды үндестіріп, бір ырғақ, екпінмен айтудың маңызы зор. Олай болмаған жағдайда дискурс құрамындағы сөздердің байланыс реті бұзылады да, тіл табиғи жарасымынан айрылады, құлаққа жағымсыз естіледі, бәрінен бұрын, айтылған ой көмескіленіп, тіпті, түсініксіз болып кетуі де қиын емес. Мысалы: Бүгін мемлекет басшысы // Ақордада // еліміздегі дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті. Бас қосуда Президент // Қазақстанның даму барысы мен // алдағы мақсат-міндеттеріне тоқталса, // елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері // республикадағы жағдайға өз бағаларын берді .

Қазақ тіліндегі екпін көбінесе сөздің соңғы буынына қойылады. Дегенмен сөз аяғында келген қосымшаның барлығы бірдей екпінді қабылдай бермейтіні салыстырмалы деректерден айқын көрінеді (-дай қосымшасы, көмектес септік жалғаулары, т.б.). Мысалы: Соңғы' кездері' іске'р адамдарды' қала' инфрақұрылымыны'ң даму' қарқыны' көбіре'к мазала'йды еке'н. Кездесуде' «жылды'ң ең үзді'к кәсіпкері'» атағы'н жеңі'п алға'н адамда'р арнайы' мақта'у қағазы'мен марапатталды'.

Орфография мен орфоэпия бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені сауатсыз жазу мәтінді дұрыс оқуға және оны дұрыс қабылдауға кесірін тигізеді. Ауызша сөйлеу тілінде ең маңыздысы – айтылған ойдың мағынасын түсіну, ал сөздерді дұрыс айтпау бұған кедергі келтіреді. Сіз қаншама біліктілікті, жан-жақты және ақылды болғаныңызбен, егер сөздерді дұрыс айтпай, екпінді қате қойсаңыз, бір сөзбен айтқанда, акцентпен сөйлесеңіз, онда сіз өз ойыңызды жеткізуде қойылған мақсатқа жеткен жоқсыз. «Акцент(лат. аccentus, нем. akzent – екпін) әртүрлі екі тілдің әдеби жүйесінің тоғысуынан пайда болады. Мысалы, қазақ тіліндегі «қ» дыбысының «к» (қаз – каз, қар - кар), «ұ», «ү» дыбысының «у» (үй – уй, үш – уш) болып дыбысталуы «орыс акценті» деп аталады. Акцент диалектілік сөйлеудің әсерінен әдеби тіл жүйесінің бұзылуына да әкеп соғады (шана – чана, шалғы – чалғы)» [4, 49 б.].

әдеби тілдің ауызша орфоэпиялық нормаларынан жөнсіз ауытқулар, ең алдымен, сөз қалай жазылса, солай дыбыстаудан, жазу жүйесі мен ауызша сөз жүйесінің өзді-өзіне тән ерекшеліктеріне мән бермеуден туындап жатады. Сондықтан дұрыс сөйлеуге бағыт-бағдар көрсететін құралдың бірі – орфоэпиялық сөздік қазіргі қоғамымыз үшін аса қажет. Бір ізге түскен арнаулы ережелер мен орфоэпиялық сөздіктер жазылу мен айтылудың арасындағы айырмашылықты айқындап, сөздердің ауызша дыбысталу нормасын көрсетіп, оларды жөнге салып отырады. Дегенмен «адам орфоэпиялық нормаларды, олар жөніндегі ережелерді, негізінен, жаттау арқылы емес, құлақпен тыңдап, үйрену арқылы игереді. Бұл ретте күнде тыңдайтын теледидар үнінің орны айрықша» [5, 15 б.].

Мемлекеттік қызметшінің көпшілік алдында сөз нормалары мен тұрмыстық қатынастағы дискурстық тіліне тән дыбыстау нормаларын араластырмай, сауатты сөйлей білу де тілдік қарым-қатынас үшін аса маңызды. Бұл ретте сөзді дұрыс айту нормалары мен орфоэпиялық ережелерді қамтыған Р. Сыздықтың «Сөз сазы» еңбегін атап айтуға болады. Аталған еңбекте қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің әдеби нормаға сәйкес айтылу үлгілері мүмкіндігінше толық қамтылған. Сөздердің, сөз тіркестері мен сөйлемдердің интонациялық безендірілу үлгілері берілген. Жаңа сападағы орфоэпиялық сөздіктер қазақ тіл білімінің фонетика, интонология, сөз мәдениеті салалары бойынша жүргізілген соңғы зерттеу нәтижелерінің негізінде жасалған.

Сонымен, сөз табиғи естілу үшін, дыбыс түрленімінің барлығын сақтап сөйлеу керек. Дыбыс түрленімін тудыратын себептердің қатарына дыбыстың сөз бен сөз тіркесіндегі орны, көрші дыбыстың әсері, логика-экспрессив үстемелер және әуен жатады. «Анықтықты дикторлар, негізінен, сөйлеу техникасын жетілдіру мен сөз логикасына көңіл қою амалдары арқылы қамтамасыз етсе, әсемдік пен әсерлілік, негізінен, сөзді дұрыс әрі көркемдеп айту арқылы жүзеге асырылады. Дыбыстар әуезін (гармониясын) сақтау – сахна сөзі мен радио, теледидар сөздеріне мамандық тұрғыдан қойылатын талаптардың бірі» [2, 15 б.].

Дауыстың динамикалық диапазоны; дыбыстың тасымалдануы; дауыс ырғағындағы икемділік, шапшаңдық; дауыстың шарықтауы кәсіби дауысқа тән негізгі сапалық белгілер болса, «интонация сөзге рең береді, ал сөздің дұрыс құрылуы интонациялық мүмкіндіктерге жол ашады» [2, 62 б.].

Жалпы, мемлекеттік қызметші тілінде қолданылатын дискурстың екі тәсілінің оқуға негізделген түрінде ауызша қызметі айқын байқалады, ал айтуғанегізделген түрінде арнаулы ақпарат жасаушы мемлекеттік қызметші қызметі анық көрінеді. Мұндайда оқылым барысында кітаби-жазба тілдің кез келген үлгісі қолданыла беруі мүмкін, ал айтылым кезінде дискурстық сөйлеу тілі стилінің кез келген үлгісі пайдаланыла беруі мүмкін. Мемлекеттік қызметші ресми сөйлесімде ақпараттарды «байыпты», «байсалды», «салқынқанды» интонациялық мәнермен баяндайды. Мәтін интонациясын дұрыс қою және мәтінді дұрыс оқу немесе сөзді дұрыс айту ережесі мәтін мазмұнына қатысты белгілі бір ақпарат береді. Сондықтан мемлекеттік қызметшіні оқытуда ресми сөйлеу мен жазуға ерекше назар аудару қажет.

Жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады: мемлекеттік қызметшінің тіл мәдениеті күнделікті әдістемелік жұмысты талап ететін күрделі мәселе. Ересек аудиторияға жататын мемлекеттік қызметшілерге арналған тілдік игертудің әдіс-тәсілдері қажеттілікпен байланысып жатқанда ғана тілдік құзыреттілікті көтеруге жұмсалады деп ойлаймыз.

Қазақстан Республикасында қазақ тілі бала-бақшадан басталып, жоғары оқу орнына дейін оқылса да, жоғары білімді мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде жазу, сөйлеу дағдылары қалыптаспаған.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жүргізген мониторинг нәтижелері семинарларға қатысқан 5000 мемлекеттік қызметшінің 30 пайызының ғана қызмет қағаздарын ресми стильде толтырып, өз бетімен аналитикалық сараптамалық жазылымдарды құрастырып, еркін түрде коммуникацияға түсе алатын дағдыларының бар екендігін көрсетті. Ал 70 пайызының оқу, жазу, қарым-қатынасқа түсу, яғни тілдік құзыреттіліктерін арттыру қажеттілігі анықталды.

Аталған қажеттілік Академиямен жан-жақты зерттеліп, ересек аудиторияны, соның ішінде, мемлекеттік қызметшілердің тілдік дағдысын арттыру арқылы құзыреттіліктерін арттыратын оқыту әдіс-тәсілдері, әдістемелері әзірленді.

2016 жылдың 13 маусым – 7 қазан аралығында көрсетілген әдістемелермен министрліктерден жинақталған 300 мемлекеттік қызметші интенсивті-тренингтік, қашықтықтан оқытудың бағдарламалары бойынша тілдік білім алды.

Оқытудың негізгі бағыты – мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде оқу, сөйлеу, жазу, тыңдау дағдыларын қалыптастыру арқылы тілдік құзыреттілікті дамыту.

Баяндамада ересек аудиторияға, соның ішінде, мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін сапалы оқыту әдістемелері қарастырылып, мемлекеттік қызметке дейінгі тілдік білім беру мен мемлекеттік қызметшілерді оқытуды салыстыра отырып, сапалы оқытудың әдістемелерін ұсынды.

Сонымен қатар баяндамада мемлекеттік қызметшінің тілдік құзыреттілігін қазақ тілінде оқу, жазу, сөйлеу дағдыларын арттыру арқылы игерту жолдары көрсетілген.

Ұсыныстар:

Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға арналған бағдарламалар мобильді (икемді) болуы тиіс. Мемлекеттік қызметке қандай семинарлар қажет, сондай бағдарламалар әзірленуі тиіс.

Облыстардағы мемлекеттік қызметшілерді Казтестпен ғана оқытпай, Академияның тілдік біліктілікті арттыру бағдарламаларымен де оқыту керек. Казтесті мемлекеттік қызметке орналасатын мемлекеттік қызметшінің тілдік білім деңгейін анықтауда қолданған дұрыс, ал кәсіби, салалық тілдік білім беру Академияның бағдарламалары арқылы жүзеге асырылуы тиіс.