Алаш партиясына арналған өлеңдер

Алаш партиясына арналған өлеңдер

Алаш азаттығы, ел мен жер тұтастығы, саяси теңдігі мен рухани кемелділігі жырланған өлеңдер елдік қасиеттерге бұла күш дарытудағы жасампаздық қасиетімен құнды. Ол Алаш баласына азаттық пен еркіндіктің қаншалықты қиындықтармен келгенін ұғынуына әрі сол жолда ұлы тұлғаларымыздың жаны мен қанын бергенін ар биігінен сезінуіне ой салары хақ. Сондықтан Алашқа арналған өлеңдер жиынтығын беруді жөн санап отырмыз.

ЖЫҒЫЛА МА ОСЫМЕН АЛАШТЫҢ ТІККЕН ОРДАСЫ?

Батысты қоршап орыс тұр,

Сыртымда қалқа – тор басы.

Ғарып Ақыт мекені –

Өр Алтайдың өр басы.

Айналаң тегіс қоршалды,

Заманың қалай, қазағым,

Жығыла ма осымен

Алаштың тіккен ордасы?

Ақыт Қажы Үлімжіұлы

АЛАШҚА

Міржақып, өлең айт деп қолқалайсың,

Мен бе ақын сендер тұрып ой табатын.

Алаш деп ағайынға сауға салып,

Ахаң ер отырмай ма жол табатын.

Қызық деп қара жерде түлкі қусаң,

Қалмай ма бір ел аспай шаршап атың.

Туған ой туған төлмен бір негіз де,

Аяқтанып, оттығып, марқалайтын.

Тумаған ту сиырдан уыз ішіп,

Халықтың кезі ме бұл шалқалайтын.

Өзімнің ат тұрманым сай болды деп,

Жаяу-жалпы халыққа жар саласың.

Аттыға ерген жаяудың таңы айырылса,

Қайда қаймақ мәйегің сорпалайтын! – дегенде Ахмет Байтұрсынұлы сөз алып Алаштың негіздерін, мақсаттарын түсіндіреді екен. Сонда Әсет:

- Ей, Аха, не дегенің бүй дегенің,

Алашқа жалпақ елді жи дегенің.

Алыс кеткен ағайын суық бауыр,

Оған мысы жүре ме үйдегі елдің!

Қазақты қауым жұрттан қара көрдік,

Бұлтындай өткіншінің ала көрдік.

Кеткенде ерден қайрат, елден ерік,

Бастармыз қай ұшпаққа дара бөліп!

Белдессең белін үзіп жықсаң нетті,

Жарыссаң төбеге озып шықсаң нетті.

Тозған елден тойынар күн тілемей,

Өз күйіңді анықтап ұқсаң нетті!

Бұл күнде елді жияр орын бар ма,

Елге ұстап мойындатар порым бар ма!

Көрсетші көсегеңді көрнеу тұрса,

Көш асар жайлау тауға жолың қайда!

Банданың қайтарғанда тәңірім бағын,

Хан түсіп қара алады алтын тағын.

Дәрежең көтерілген төмен түсіп,

Оза алмас жабағыдан арғымағың.

Қисайған қыңыр тұрмыс түзелмейді,

Мұқалып жоқ нәрседен сынар сағың.

Іске аспас айтқанменен арман сөзің,

Сөз пұлсыз болмаған соң баста бағың.

Анықтап абайлап көр оңалам десең,

Анта-анта жосып жүрген қазақ жайын!

Ғылымсыз наданға айтқан насихатың,

Құмға жауған жаңбырдай кетер тегін.

Надандықтан құтылмай нас басқан ел,

Күйреуіктей тозбай ма соқса бір жел.

Асуға ат шықпайтын арба шықты,

Қанды балақ қыранды қарға жықты.

Қопада өгіз соққан жолбарыстар,

Қояннан қорыққанынан жарға бұқты.

Тұлпарды басып озған арғымақтан,

Бұл күнде қойға мінген тұғыр мықты.

Дейді екен жер жүзіне жарлық шашқан,

Бір заман торғай билеп самұрықты.

Өтірікші, қу, сырғақ дос болғансып,

Заты момын жақсыны жарға жықты.

Білмейтін мағрипатты шала молла,

Ерте әперген балаға қалыңдықты.

Көресіге арқандап қойған малдай,

Жастарды шырмап-матап жолын кесті.

Анықтап көр суретін сол емес пе,

Демеңдер жаман айтып ренжітті.

Халыққа қанды ауыздар уын шашып,

Қайласын жұрт бұзудың тауып ұқты.

Мағрипатсыз біздегі шала молла,

Меллаттың құлағына құрым тықты.

Қандасым, қарындасым, қайран қазақ,

Газет-журнал көп айтқан сөзді ұмытты.

Халықтың қатарына апара алмай,

Қылды кім бұл заманның артын күпті!

Өнер, сынхат, мағрипат арқасында,

Жайында наһанларды шабақ жұтты.

Жадырап өнерлі елдің күні туып,

Бұл зұлмат қараңғылық бізді тұтты.

Бар шығар біздей неше жылағандар,

Уақыт кетті, бір қатар ғұмыр кетті.

Ұл бала деп қой сойған емес пе еді,

Ақтаңдар анаңыздан емген сүтті.

Тапқыш көп, тар заманның қамқоры көп,

Онымен көргенім жоқ өнген түкті.

Маслактар күңіреніп, күйзеліп жүр,

Меллат үшін арқалап ауыр жүкті.

Күңіренгенмен гүлденер күй тумайды,

Ел білер ғылым керек шынын ұқшы.

Отыз жылда оқумен өрге басып,

Жапония бала кеп туын тікті.

Жиырмасыншы ғасырдың жігерлісі,

Сыртқа шығар іштегі буған бүкті.

Жиырмасыншы ғасырдың жаздым жылын,

Айырсын деп арзан мен қымбат бұлын.

Дін дүние, тағат талап, кәсіп парыз,

Бұған арнап Жаратқан ақтың құлын.

О, барша хайуанаттан абзал қылып,

Есті қылып Жаратқан адам ұлын.

Тән баққа талай жеміс табылады,

Ғұмырдың егіп шығар қызыл гүлін.

Жаныңның шөлі қанар жұмыс істе,

Ғаламның түсінерлік ғылым сырын.

Меллатқа жан тәніңмен қызмет қылып,

Қожа бол шаһаратқа,жұртқа білін.

Меллаттың аяқ асты қалмақтығын,

Білерсің оқып білсең талғап білім.

Ел болып етек-жеңің жиылмаса,

Сойылмен жүлде алмағың болар қиын.

Жалғыз ағаш болмайды орман деген,

Өркендесін жалпақ ел оқып білім.

Білекте емес жүректе баянды күш,

Елдіктің тігем десең бекем туын.

Көш басшысы көсемнің қуаты артар,

Меллатың білсе түгел анық ғылым.

Асылдар абайларсың болсаң зерек,

Жақсының алған емес жаман тілін.

Шабан шартық құрасаң мал бола ма?

Көзін тырнап ашпасаң жуып кірін.

Қыстан қатты қысқан бұл заманның,

Осылай деп айтамын анық шынын.

Байлық – мұрат, кедейлік –ұят емес,

Мұрат сол өз халқыңа қызмет қылғын.

Көрмеген жұрт пайдасын надан байдың,

Дәулетінен пайда жоқ жалғыз шылым.

Алға бас алдыңғы елдей аласұрып,

Құралып жұрт болғанша алма тыным.

Еуропа, Америка халқы қандай,

Жараңдар, жеткен елдің байқа сынын.

Қалған жұрт қараңғыда халық емес,

Ақылдың көшесінің айтсаң шынын.

Алашым, басың көтер қарап жатпай,

Ғылым ізде ғұмырыңды босқа сатпай.

Ғылыммен неше түрлі кеме жасап,

Еуропа жүрген жоқ па суға батпай.

Жайылған дүниеге ғылым пәннен,

Құр қалдың ғой қазағым, дәмін татпай.

Міржақып Дулатов пен марқұм Абай,

Меллат үшін орысқа өтті жақпай.

Құлаққа құрым тыққан сауабың не,

Әр тауда телім болып бірлік таппай.

Ахмет «40 мысал» деп сөз шығарды,

Оны жай өлең көрдің сынап бақпай.

Толғансаң түсінер ең түйін сөзін,

Тентіреп жүргеніңше таңың атпай.

Ғаламдықты тастасаң ғылым іздеп,

Ұмтылсаң қалмас едің сірә таппай.

Алты миллион Алаш боп құр атаққа,

Қор болдың үкіметіңе жауап қатпай.

Бай атаққа мақтанған пұл көбейіп,

Өзің де тек жүрмедің жала жаппай.

Қылдан қылшық айырдым деген билер,

Ақша үшін шариғатты басты таптай.

Бір қара өшін қасаммен жанын берген,

Қоя ма ғауамларды Құдай атпай.

Сол үшін жазбақ болдым осы сөзді,

Сорақы қылығыңды бетке шаптай.

Алып жүр ақылды жұрт қазақты алдап,

Қараған хайуанша сырттан малдап.

Қазақтың анық қол деп ұстағаны,

Айтады өтірікті шынға балап.

Анық шыншыл мақтарлық ер атасаң,

Мыңнан бесеу табылады талғап-талғап.

Ақылсыз, ессіз, мисыз хәм шаруасыз,

Мінезі надан елдің қандай тайғақ.

Бұл заман қандай болып өзгергендей,

Көзі жоқ көкейсізден ғибрат алмақ.

Надандық кір болғанда ғылым сабын,

Сабындап кетіретін бар ғой таңлақ.

Асқан ел ғылымменен қандай батыр,

Ауызбен дәмін алсаң балдай татыр.

Бордан бос жалаңаш жан тәрбиеге,

Ынсанның пердесі-пән, ғылым-шатыр.

Қиянат, жалқаушылық, надан тұрмыс,

Сонымен біздің қазақ қандай пақыр.

Бар көрген тіршілігі төрт түлік мал,

Жер кетсе айдап жүріп болар тақыр.

Ақыл айтқан Алашқа дұшпанмен тең,

Толғап айтқан аныққа шығады ақыр.

Надан, мылқау шалдарың кетіп болды,

Заманға ілес жаңғырып, ей, мүсәпір.

Болардай өз несібең өзіңе тән,

Ырыздық теріп жеуге үйрен жатыл.

Алдыңғы елу жылда сапқа кірді,

Мажуси Итан халқы, Жапон да ақыр.

Надандық өкініштің нысанасы6

Ей, жастар, ғылым үйрен, елді шақыр.

Айтудан асыл сөзді болмас зарар,

Ел бірақ ішін білмей сыртын қарар.

Сөдегей сөлекет жоқ асыл сөзді,

Ұғуға ой соқыры қайдан жарар.

Көкірегі көретін көсем көз ел,

Алтындай санасынан ақыл тарар.

Меллат үшін түсінсе ынтық болып,

Махаббат жүрегіне ізет барар.

Гауһар нақыш шеккендей тәтті сөзді,

Білген жан бір ауызын мыңға санар.

Адамда бар асылды аңғартатын,

Басын дұрыс меңзесең соңын табар.

Жақсы сөздің бағасы өлшенбейді,

Жүрекке бал, құлаққа күй боп жағар.

Қарасаң құбылған бұл заманаға,

Түптесең сөзді сайып мағынаға.

Жаман пиғыл – дауасыз дерт деп айтқан,

Лұқпан хәкім сөзін ұқ, бағала да.

Сүтпен біткен мінезің сүйегіңде,

Оны терің перде боп жаба ала ма?

Мың мәрте сабынменен жусаң-дағы,

Терісі қара қойдың ағара ма?

Өгізбен қас тобышақ қасымайды,

Ендеше мінезсізді жағалама.

Қаншама қастер тұтып жақсылық қылсаң,

Тегі жаудың қоңылы тазара ма?

Шыншыл бол, шықпа жолдан шыдамды бол,

Талап – басшы, ақыл – дос, қайратың – жол.

Қыршаңқы қотыр тауып қасынады,

Надан қысы жолдасы есерге қол.

Мамықтай жұмсақ болса мінез – сөзің,

Еліңде жылы жүзбен мақтауға төл,

Пайдасыз іс қайырсыз сараң байлар

Мысалы, хайуан ішпес бір ащы көл.

Ақыл, ғылым болмаса сабыр, қайрат,

Жанарың бір пиала дөңгелек шел.

Талапсыз,тауқыметсіз, өткен өмір,

Құны ыстық керуен түспес сахара шөл.

Асудан жалқаулықпен аспай қалма,

Кезеңсіз тау оқ жетпес болмайды бел.

Надандықтан ғылымды қисынсынып,

Ақылдан адасып жүр бір қатар ел.

Риясыз сөз туыссыз бейне жылқы,

Секілді пайдасы жоқ жаңбырлы жел.

Ақтұйғын жапалақпен шатылмайды,

Құрыш пен қола қайнап қатылмайды.

Сан да бір, баға да бір арзан-қымбат,

Сары жез сап алтын боп сатылмайды.

Соқтадай сомасы бір бәрі пенде,

Арасын ғылым бұлдап асылдайды.

Елде көп мағынасыз өлең – мысал.

Меллатқа бәрі үлгі боп шашылмайды.

Қайнамай пысқан нәрсе дүниеде көп.

Қайрамай қанжар жүзі ашылмайды.

Меллатқа жәрдем ойлап жан қиғандар,

Қоңылы елді көрмей басылмайды,

Бұзық іспен бұлтылдап жүрушілер,

Жүрісін қай ғылыммен мақұлдайды.

Бақшада ғұмыр піскен бір қызыл гүл,

Санаулы сағадатлы сатылса да.

Талабың талпынарлық арықтаса,

Жеткізбес қуған ісің мінсең дүлдүл.

Танып қал табан астың таймас болсын,

Бүгін шын, не болады ертеңді біл.

Наданға тас пен гауһар бәрі бір тас.

Қор болған білімсізге бейшара тіл.

Ауызға абыройсыз тілмаш болсаң,

Оның да ақырында халі мүшкіл,

Танысқан асса Алла, асса жұртқа,

Қызылтып жақ пен басты тастарсың тұл.

Базарға санаулы жан саудаланса,

Болар ем бұл дүниеге жаралған тұл.

Сақтан деп рауайат қып айтқаным бұл.

Патшаны, жақсыларды ардақтаған.

Асуды алқынғанды шалжақтаған.

Өктемді дүниеде тең шықпаған.

Күпірлік ерлікпенен жан жақпаған.

Әулие, нәби, мұрсал, ғалелдерді,

Батырды, шешендерді саңлақтанған,

Санаулы сағатында ажал жетсе,

Ғазырайыл бір-ақ тартып қармақтаған,

Бұрқ еткен бір лебізбен жаның шығып.

Кеудеңе топырақ үйген саңлақтанған,

Болжасаң әуел-ақыр түгел теріп,

Дүние жан иесін таңлақтаған,

Халық етті жоқтан бар қып Алла бізді.

Махпұза рухымызды бұрын тізді,

Жалғанда жан болған соң жарық көрдік,

Аспан, жер, ай мен күн, жаз бен күзді,

Дүние ел шақырған бір үлкен той.

Қызық көр деп жіберді һаммамызды,

Біреу құр, біреулердің олжасы бар.

Аһылы сайтан пайдадан үміт үзді,

Ызба қып көп жыл қылған ғибадатын.

Адасып күпірлік қып пиғылын бұзды,

Алланың әміріне қайшы келіп,

Мәңгілік шығып кетті жолдан ізгі,

Бәрінен ер біткеннің жесір қалар.

Айттырып әркім ап жүр дүние қызды,

Сұлу қыз көңіл ашар дүние балдай.

Қалған жоқ еркек кейін бір бара алмай,

Сөйтіп сүйген дүниең күйдіреді.

Кетерде шын қайырылып көзін салмай,

Жалаңаш үш көйлекпен көрге тастап.

Есігің жоқ жан шыққанда болдың қандай,

Шатаққа шалдығармын саған сенсем.

Дүние нәпсісіне әбден ерсем,

Рүстем мен Ғалидай болар едім,

Өзімді-өзім жаулап сені жеңсем.

Пиғылымды бұздың да араңдатып,

Аяғы бір сабалақ қылдың сенсең,

Шылғи тері секілді келмейді йым,

Осы күй тоқтар ма екен ақы берсем,

Басқан із, көрген қызық, жасаған жас.

Дариға-ай, сонау бастан қайта келсең,

Армансыз дүниеден өтер едім,

Меллаттың қажетіне жарап өлсем.

Бек жақсы меллатыңа қызмет қылып.

Болмайды сандалма мен қарап жүріс,

Өнер сынғат, мағрипат арқасында.

Жол танып жамандар болды дұрыс,

Еңбексіз, харекетсіз табылған мал.

Әлбетте, шариғатқа о да бұрыс,

Абайлап көзіңді ашып байқағанда.

Өнер тапқан халықта бақ пен ырыс,

Соларды ойлағанда біздің қазақ,

Болмайды бекер жатып қарап жүріс.

Мешіт сал, бала оқытар мектеп салғыз,

Ғылымнан табасың шын кетпес ырыс.

Бұл жайлы құлақ құрышы қанар сөзді,

Ғұламалар көп айтқан өте дұрыс.

Абай марқұм анықтап айтпады ма,

Біліммен қонатын дәулет ырыс.

Сондай сөзді айтушы табылғанда,

Құйма құлақ болсаңшы Алаш туыс.

Бақ-мәнсап бір қысы үшін жаралған жоқ,

Ойласаң бәрі-дағы бір-ақ тыныс.

Ел мұңын шертер күйші елде көп-ақ,

Тыңдасаң өзіңнен де кетер құйыс,

Үнемі әзіл-күлкі табылар ма?

Күн мен түн, шаттық –қайғы, болған туыс.

Дүние бір қысы үшін жаралған жоқ.

Болады бірде түзу, бірде бұрыс,

Қой баққан, жылқы айдаған надан байлар,

Қу жанына таптырмас тыным құйыс.

Жабу салып ұйықтаса қой шетіне.

Малдың қиы мұрнына жұпар иіс,

Құр атаққа мардымсып ғұмыр кешкен.

Ол дәулетке ешкімді қылмай туыс,

Малдан зекет астықтан құшыр бермей.

Жиған дәулет болмай ма жолдан бұрыс,

Меллаты үшін атамас жалғыз тайын.

Қорасына мың сомнан кірсе кіріс,

Бар қиялы надандық тіршілігі.

Мал болып малмен бірге аман жүрсе.

Мейлі мал бақ егін сал, сауда жаса,

Бәрін де адамдықпен қылу тиіс.

Құс сайрамас қапасқа қамалмаса,

Қайғысы торығудың жамалмаса,

Егескен ерге арман шешен тілмен,

Айтарын қапылыста таба алмаса.

Мұң болар қарға адым қайрандарға,

Арықтап қара арғымақ табандаса,

Жүлде алған жұма сайын ат та арманда.

Жазым боп бір сапарда шаба алмаса,

Жау алмай жұтқа кеткен мал арманда.

Иесі қойын түзеп баға алмаса,

Жалғанда армансыз жан болған емес,

Дүниені әуел – ақыр тәмамдаса,

Біреуге құшым бар деп қылма қастық,

Салады адамды отқа нәпсі мас қып,

Бай бір боран,батырың жалғыз оқтық.

Опасыз мал – мәнсапқа болма мастық,

Әр істі қайырыммен адал істе.

Біреуге қылмас жаман араз-аштық,

Абай айтты ғибрат, ақаң тәмсіл.

Біз соның дәмін татып,жолын бастық,

«Тәурат» кітабында мағлұм болған.

Ғибратты баяндап жұртқа шаштық,

Бір Алла күштілердің қуаттысы.

Ақымақ адам мүлкі бекер аптық,

Аллаға қайткен күнде жаға аламыз.

Біреуге өтірік айттық, жала жаптық,

Шариғат қиянатшыл бол деген жоқ.

Осынша қисық жолды қайдан таптық,

Меллаттың көш бастарлық асылдары.

Елі үшін бойға біткен тасыр қаны,

Ақ жолға берекемен ұйыта білсең,

Жаратқан оңға бастар мұсылманды,

Өзіңе-өзің берік бол, елді түртпей.

Оятып іргеңдегі масылдарды,

Итан, жапон үлгісін үйрете алсаң,

Торлаған түнек тұман ашылғаны,

Ел болып ірге көмсең қалаласып,

Қоралар малмен тозып шашылғаны,

Өзің бірден кенеліп кетпесең де,

Келешек ұрпағыңның тасыр бағы,

Кеуде зор, талап таудай, көңіл ұшқыр,

Инесі көкейсіздің қандай ұшқыр.

Аузың айтып, жалқаулық артқа тартып,

Досқа күлкі, дұшпанға болма мысқыл,

Зор дұшпан бойыңдағы залым нәпсің,

Ер болсаң тілін алмай соған күш қыл,

Бақ таймай жалғаншыдан ар да көшпек,

Бола ма ер жігітке сонан мүшкіл.

Ақылға айтқаныңды бұлдайтұғын,

Я Құдай, пиғылы түзу жанға дос қыл.

Алаштың арманын шын аяласаң,

Адалдық берекемен басын қостыр,

Әртүрлі заманада ашына бар,

Солардың пиғылына қарап іс қыл.

Досың бар, сырты мөлдір, іші көлгір,

Қуансаң кек, қайғырсаң шат боп естір.

Әуелі осыларды танып алып,

Табысып талаптымен жүйелі іс қыл.

Әсет Найманбайұлы


ҚАЙРАН, АЛАШ

Үш айдай ән түзеттік болып Алаш,

Жұрт болып қазақ-қырғыз қосуға бас.

Неше жыл дәмдес болған Русиямыз,

Демеді басын изеп,

Біреуі рас.

Семейге Алаш атап,

Тіктік Орда,

Тілектес бір шетіміз Орынбор да.

Айырылып көп ұзамай мал-мүліктен,

Ақыры кез болдық қой қалың сорға.

Дияқажы (Мұхамедия) Ахметұлы