​Тіл реформасы емес, жазу реформасы жүріп жатыр

​Тіл реформасы емес, жазу реформасы жүріп жатыр

Бүгін Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қызметкерлері филология ғылымдарының докторы, профессор Маханбет Жүсіпұлының дәрісін тыңдады. Халықаралық деңгейдегі ғалым сала мамандарына латын әліпбиіне көшу барысында қаперге алынуы тиіс негізгі қағидаларды түсіндірді.

- Қоғамда латын графикасына көшуді жазу реформасы емес, тіл реформасы деп түсініп жүргендер бар. Кейбір насихатшылар да бұл сөздердің ара-жігін ажырата алмайтын секілді. Тіл - реформаға, біздің ережелеріміз бен заңдылықтарымызға бағынбайтын теңіз сияқты тулаған құбылыс. Ал сіздер қазір жазу реформасын жүргізіп жатырсыздар. Алфавит ауыстыру кез келген мемлекет тарихында бар. Бірақ мұны байыппен жүргізу керек. Әліпби шарты бойынша әріп, әр таңба, жазу сол ұлттың сана-сезімінде сол таңбалардың психобейнелерін қалыптастыруы шарт. Ал Қазақстанда 2022 жылы мектептегі оқулықтар жаңа әліпбимен басылып, қолданысқа енгізілмек. 10 жылдан кейін, яғни 2032 жылы екі түрлі, екі саналы халық пайда болады. Бірі кириллицамен ойланса, бірі латын графикасымен сезінеді, түсінеді. Бұл діннен жаман дүние,- деді Маханбет Жүсіпұлы.

Жазу реформасының жүйелі жүргізілмеуі салдарынан екіге бөлінген мемлекеттерді мысал ете отырып, қазақ алфавитін ауыстырғанда, басымдықтың қай графикада болатындығын да тайға таңба басқандай дәлелдеп берді.

- Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 3000-ға жуық БАҚ бар екен. Ал оның 2000-ы орыс тілінде. Ал Петропавлда мемлекеттің қолдауымен шығатын қазақ тілінде бір ғана газет бар. Енді сараптай беріңіз, басымдық қай графикаға беріліп тұр?.. Біз көшедегі жарнаманы өзгертіп, қала атауларын жаңа әліпбимен жазып қойсақ та, халық психологиясын өзгерте алмаймыз. Бәрібір орта және бүгінгі жас буын кириллицамен қалып қояды. Ал бір таңба жасай алмаймыз- деген ащы шындықтың бетін ашты.

Маханбет Жүсіпұлы көпұлтты мемлекетте бір түрлі графика жасау, халықаралық заң, талаптарға сай келмейтіндігін де түсіндіріп өтті. Сонымен қатар Қазақстандағы Тіл заңындағы қарама-қайшылықты да тілге тиек етті.

- Білуімше, Қазақстаннан өзге ешбір мемлекет статусы жоқ тілді мемлекеттік тіл деңгейімен теңестіріп отырған жоқ. Бұл үлкен қателік. Заңда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп көрсетілген. Ал орыс тілі ресми қатынаста мемлекеттік тілмен тең дәрежеде. Негізі орыс тілі білім тілі деңгейінде қалуы керек. Мәселен, Өзбекстанда 400 қазақ тілді мектеп бар. Қытайда бірнеше мектеп пен 28 газет-журнал қазақ тілінде шығады. Яғни қазақ тілі де - халықаралық тіл. Бірақ ешбір елде ресми статусы жоқ,- деді ол.

Тіл мамандарының талас тудырған түрлі сауалдарына жауап берген ғалым: «жарнама тілін көшіру - латынға көшкеннің көрсеткіші емес»,- деп өз сөзін түйіндеді.

Еркін форматтағы кездесу естелік суретке түсумен тәмамдалды.