Салалық аударма мен құжат тілінен шеберлік сабақ өтті

Салалық аударма мен құжат тілінен шеберлік сабақ өтті

​Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында 25-27 қазан аралығында «Салалық аударма және құжаттар тілі» атты республикалық біліктілікті арттыру курсы өтті.

Мемлекеттік тілде іс жүргізетін мамандар мен аудармашы мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, біліктілігін арттыруға бағытталған курсқа «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» ұлттық компаниясының, «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» акционерлік қоғамының, сондай-ақ, еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының мамандарымен қатар Қостанай, Ақмола облысы әкімдігі аппаратының мамандары қатысты. 36 сағаттық дәріс барысында аударманың теориялық, практикалық мәселелері талқыланды, сонымен қатар, аударма ісіндегі қателіктер туралы айтылып, олардың шешімі көрсетілді.

Үш күнге жалғасқан курсты білікті мамандар мен ғалымдар жүргізді. Алғашқы күні қатысушылар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Жақыпов Жантас Алтайұлының «Аударманың лексикалық мәселелері және құжат тілінің прагматикасы» тақырыбындағы дәрісін тыңдады. Дәріс барысында аударманың теориялық мәселелері талқыланды.

Екінші күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Қазақ және орыс тілдері кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Жүсіпов Асқар Елтайұлы «Аудармадағы қателіктер: лексикалық, стилистикалық қыры» тақырыбы бойынша дәріс оқыды. Ол аудармадағы қателіктерді көрсетіп, практикалық жұмыс жүргізілді. Курстың соңғы күні, яғни 27 қазанда Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығының Терминология және ономастика бөлімінің басшысы, ф.ғ.к. Итегулова Сая Ағанасқызы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Бөрібаева Майнұр Әбілтайқызы шеберлік сабақтарын өтті. Дәріс «Іскерлік құжаттаманы аударудың лингвистикалық және мәдени аспектілері» тақырыбы бойынша өрбіді. Сабақ барысында іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізудегі мәселелер қарастырылып, лекторлар аудармашылардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

«3 күнгі дәріс өте қызықты әрі пайдалы болды. Аударма саласының білікті мамандары мен ғалымдардың дәрісін тыңдап қана қоймай, құжаттар тіліндегі бірізділікті сақтау мәселесін көтеріп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандармен тәжірибе алмастық. Ұйымдастыру өте жақсы ойластырылып, жүзеге асырылған. Жалпы, курс деңгейі жоғары болды. Мемлекеттік тілді енгізу, қолданыс аясын кеңейту жұмысына сіңірген үлестеріңіз зор. Еңбектеріңіз жана берсін!» – деді курсқа қатысушы, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті «Резерв» РМК бас маманы А.Ы. Долдина.

Курс соңында барлық қатысушыларға Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Л.Есбосынова арнайы сертификат табыстады. Қатысушылар да өз кезегінде ұсыныс-пікірлерін айтып, курстың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестіктерін білдірді.