Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту мәселесі

Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту мәселесі

Ұсынып отырған мақалада мемлекеттік тілді мамандыққа қатысты деңгейлеп оқыту мәселесі қарастырылады. Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту тіл үйренушілердің жалпы, академиялық қатынас және іскери-кәсіби қатынас саласы бойынша қатысымдық құзіреттілігін жеткілікті, базалық жеткілікті, базалық стандартты деңгейлерде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқытып, меңгерту ісінің соңғы нәтижесі оқу-әдістемелік кешеннің жасалу сапасына тікелей байланысты. Тілді деңгейлеп оқытуда үйренушілерге берілетін білім мазмұны оның оқу-әдістемелік кешінінде көрініс береді. Мақалада тілді деңгейлеп оқыту жүйесіне арналған оқу-әдістемелік кешеннің икемділік, жүйелілік, сабақтастық, түсініктілік, тиімділік, өзектілік, танымдылық сияқты шарттарға негізделе жасалуының ұтымдылығы сөз болады.

Қазақстан Республикасы Президенті мен үкіметі ұстанып отырған Тілдердің үштұғырлылығы саясатында мемлекеттік тілдің қызметіне басымдылық беріліп отырғаны баршаға мәлім. Сонымен байланысты көптілді тұлғаның мемлекеттік тілді меңгеруі оның біліктілік сапасын көтеріп қана қоймайды, қазақша ғылым тілін, ресми іскери қарым-қатынас тілін дамытып, толыққанды қызмет етуіне, сонымен байланысты қоғамның линвистикалық интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, елімізде адами капиталдың қалыптасып, жетілуіне өз үлесін қосады.

Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Соған сәйкес мемлекеттік тіл саясатының басты бағыттары мен оны орындау барысында жүзеге асатын негізгі міндеттер айқындалған.

Соның бірі – мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытып-үйрету курстарын ашуды кеңейту және оны оқытудың жаңа технологияларын тәжірибеге енгізу.

Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік саласының барлық бағытында қызмет істейтін маман, қазақстан азаматы, мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, өмірдің кез-келген саласында, кәсіби бағытта өз ой-пікірлерін қазақша дұрыс, түсінікті жеткізіп, сауатты жаза білуі қажет. Осы жағдайға байланысты қазіргі уақытта мемлекеттік тілді жеделдете деңгейлеп оқытып үйрету ісі қолға алынып, оның оқу-әдістемелік кешені жасалуда. Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту мақсаты – мемлекеттік тілді оқытып үйретуді дүниежүзілік еуропалық стандарттық үлгілерге жақындастыру.

Мемлекеттік тілді деңгейлеп үйрету курсы үйренушілердің кәсіби салада, өндіріс орындарында, ғылыми ортада қазақша сауатты сөйлеу әдебі мен мәдениетінің деңгейін жетілдіруге бағытталған. Тәжірибеде мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту А2 деңгейіне сәйкес Жеткілікті деңгей; В1 деңгейіне сәйкес Базалық жеткілікті деңгей; В2 деңгейіне сәйкес Базалық стандартты деңгейді қамтиды.

Мемлекеттік тіл бойынша білімдерін тексеруге арналған диагностикалық тест және жеке сұхбаттасу жұмыстары нәтижесінде үйренушілер үш деңгейге бөлінеді. Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту жүйесі деңгейлік тәсілді қолданатын Қазақстан Республикасының ұлттық стандартына сай жүргізіледі, соған байланысты курс төмендегідей деңгейлер бойынша іріктеледі:

  • Жеткілікті деңгей, А2 деңгейіне сәйкес – «Жалпы қазақ тілі»
  • Базалық жеткілікті деңгей, В1 деңгейіне сәйкес – «Академиялық қазақ тілі»
  • Базалық стандартты деңгей, В2 деңгейіне сәйкес – «Іскерлік қазақ тілі»

«Жалпы қазақ тілі» А2деңгейіне сәйкес – курсты мемлекеттік тілді меңгеру талаптарына сай құрастырылып, өткізілген диагностикалық тест бойынша қазақ тілінен білім көрсеткіші А1 – А2 деңгейін көрсеткен үйренушілер оқиды. Бұл бөлімде грамматикалық және лексикалық материалдармен, сонымен қатар төрт түрлі сөйлеу әрекеттері: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым бойынша үйренушілердің білім, білік және дағды деңгейлерін одан әрі ұштауға қажетті жұмыс (сөз тіркестерімен сөйлем, сөйлеммен диалог, мәтін құрастыру және т.б.) жүйесін жүзеге асыру көзделеді.

«Академиялық қазақ тілі» В1 деңгейіне сәйкес – курс сөйлеу тілінің ерекше қырын, яғни ғылыми еңбектер мен мақалалардың, ғылым тілін меңгертуді көздейді. Оған абстрактылы сөздермен қатар ғылыми терминология, сөйлемнің күрделі құрылымдары, тілдің ғылыми публицистикалық стилі мен жазбалары тән. Академиялық қазақ тілі курсы үйренушілердің төрт түрлі сөйлеу әрекеті бойынша тілдік дағдыларын одан әрі жетілдірумен қатар, академиялық міндеттерге зейін қою, оларды талдап, сыни ой елегінен өткізу сияқты білігі мен дағдыларын дамытады.«Академиялық қазақ тілі» курсы келесідей негізгі бөлімдерді қамтиды:

Академиялық оқылым – іздеп оқу, ішінара қарап шығып оқу және мұқият оқу, оқығанын сыни ой елегінен өткізу; шолу, түйіндеме немесе эссе жазу үшін қазақ тіліндегі әдебиеттерді оқып, олардың ішінен өзіне қажетті ақпаратты табу, оған оны қабылдау және өзіне қажетті мәліметті конспектілеу сияқты білігі мен дағдысын дамытуға бағытталады.

Академиялық тыңдалым – алдына қойған мақсатқа жету үшін дәрісті тыңдау, тыңдағанын түсініп, қабылдау және өзіне қажетті мәліметті конспектілеу сияқты құзыреттілігін кешенді дамытуды көздейді.

Академиялық жазылым– ойын жинақтап жаза білу, мәтін құрастыру, академиялық эссе, баяндама, мақала жаза білу сияқты академиялық жазба тілдік білігі мен дағдысын дамытуға бағытталады.

Академиялық айтылым (сөйлеу) – семинарлар мен іскери кездесулерге қатысып, академиялық және кәсіби бағыттағы тақырыптарда презентация немесе баяндама жасау, пайымдау, пікірталаластарда өз ойын ортаға салу сияқты құзыреттіліктерін кешенді дамытуды көздейді.

Академиялық сөздікқор – академиялық лексиканы жете меңгеріп, контекст бойынша арнайы лексиканы ажырата білу білігі мен дағдысын дамыту. Әр түрлі ғылыми еңбектерді оқу барысында арнайы ғылыми лексика мен терминологияны меңгеру арқылы сөздік қорын кеңейтуге бағытталады.

Курстың негізгі міндеттеріне үйренушілердің ауызша және жазбаша тілін ғылыми академиялық қырынан дамытуға арналған, оқу материалын конспектілеу, тақырып бойынша қажетті әдебиеттерді табу, ғылыми мәтіндерді оқып, оны мазмұнын есте сақтау және қайта мазмұндауға машықтандыру сияқты әр түрлі жұмыстар жатады.

«Іскерлік қазақ тілі» В2 деңгейіне сәйкес – қазақ тілі бойынша іскери қарым қатынасқа қажетті іскери кездесулерге дайындық, оны өткізу, презентация дайындау, іскери хат алмасу, келісімшартқа отыру және тағы басқа іскери, құқықтық құжаттарды құрастыру сияқты қатысымдық құзыреттілікті дамытады. Бұл курста үйренушілер іскери терминологияны меңгеріп, іс қағаздары мен іскери құжаттарды сауатты толтыру білігі мен дағдысын және сауатты дұрыс сөйлеу тілін жетілдіреді. Бұл курста, сонымен қатар, үйренушілерді мемлекеттік тілде іс қағаздары мен құжаттарды сауатты толтыру, жазу білігі мен дағдысына машықтандыруға да баса назар аударылады.

Республикада мемлекеттік тілді оқытып үйретуді ұйымдастыру ісінің осылай қарқынды қолға алынуы ғалым-әдіскерлер алдына оқыту мазмұнын, ұтымды оқу-әдістемелік кешенін жасау қажеттігі туралы мәселе қояды.

Ұсынып отырған мақалада мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту жүйесінің негізгісі болып саналатын оқу-әдістемелік кешенінің мазмұны туралы мәселе сөз болмақ.

Олай болса, қазіргі міндет тілді жаңа бағытта оқыту мазмұнын айқындап, оның оқу-әдістемелік кешенінің моделін жасау қажет.

Мемлекеттік тілді деңгейлік жүйемен оқытып, меңгерту ісінің соңғы нәтижесі оқу-әдістемелік кешеннің жасалу сапасына тікелей байланысты. Мемлекеттік тіл бойынша тіл үйренушілерге берілетін білім мазмұны оқу-әдістемелік кешінінде көрініс бермек.

Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту жүйесіне арналған ОӘК құрамына негізгі оқулық, үйренуші дәптері, әдістемелік нұсқау, аудио-видеоматериал енеді. Және олар әр деңгейдің (қарапайым, негізгі, орта, ортадан жоғары, жоғары, жетік) талабына сай жасалуы тиіс. Қазіргі уақытта республикада мемлекеттік тілді деңгейлік оқытуға арналған ОӘК біраз дайындалып, тәжірибеде жетістікпен қолданылып та жүр. Ол қуантарық жай.

Оқу-әдістемелік кешеннің (ОӘК) сапасы оны құрастырушылардың әдістемелік шеберлігіне байланысты. Бірақ, соған қарамастан, тәжірибелі әдіскерлердің өзі ОӘК құрастыру барысында әлемдік әдістеме ілімінде қабылданған, ғылыми заңдылық, өлшем, ережелерді шарттарды басшылыққа алуы қажет. Сонымен қатар ОӘК тілді оқытып үйретудің қай деңгейіне, қандай мақсатта, қалай қолданылатынын және кімдерге арналатынын ескерілуі керек. Және қоғамдағы өзгерістерге сай ОӘК мазмұны әрдайым жаңартылып, толықтырылып, өзгертіліп отырғаны жөн.

Енді бұл жерде оқытушы мен тіл үйренуші еңбегінің негізгі құралы және оқу ақпаратының негізгі көзі болып табылатын оқу-әдістемелік кешеннің мазмұны мен құрылымы қандай шарттарға сай болғаны жөн деген сұрақ туады. Біріншіден, ол тіл үйренушінің мемлекеттік тілде белсенді қатынасқа түсуіне ықпал етсе, екіншіден, оның рухани, танымдық өресі кеңеюіне мүмкіндік жасауы тиіс. Атап айтқанда, деңгейлеп оқыту жүйесіне негізделе жасалған оқу-әдістемелік кешеннің оқу үрдісіндегі рөлі мен орны келесі шарттарға сәйкес болуы тиіс: икемділігі, жүйелілігі, сабақтастығы, түсініктілігі, тиімділігі, өзектілігі, танымдылығы.

Оқу-әдістемелік кешеннің икемділігі дегеніміз –оның мазмұны қайта өңдеуге, өзгертуге ыңғайлы болуында. Әр оқу жылында тіл үйренушілердің жеке ерекшеліктерін, тілді меңгеру жағдайын ескеру негізінде оқу мазмұнын қайта өңдеп, өзгертіп отыру қажет. Бұл тіл үйренушілердің материалды есте сақтауын, оны түсінуін және нақтылы жағдайларда тәжірибеде қолдануын жеңілдетеді.

ОӘК мазмұнының жүйелілігі– оның барлық элементтерінің мазмұны логикалық байланыста болып, олар бірін-бірі толықтырып отыруында. Бұл тіл үйренушілерге тілді белгілі сабақтастықта оқытуға, олардың оқу және өзіндік жұмыс жасау дағдысын жүйелі түрде қалыптастыруға бейімдейді.

ОӘК мазмұнының сабақтастығы– оның құрамына енетін барлық элементтері, олардың мазмұны тілді оқытудың әр деңгейінде үйренушілердің игерген білімі мен іскерліктерінің өзара байланысуына, бірін-бірі толықтыруына бағытталуында. Бұл, бір жағынан, тіл үйренушілердің ертеректе игерген білімі мен іскерлігіне, екінші жағынан, алдыңғы деңгей бойынша игерген білімі мен іскерлігіне сүйену арқылы жүзеге асады. Яғни, білімнің түрлі көздерінен алынған деректерді өзара сабақтастықта бір жалпы тұтас жүйеге келтіруден тұрады.

ОӘК түсініктілігі– оның мазмұны тіл үйренушілер пайдалануға түсінікті, қолдану мүмкіндігі кең, ықшам, білім деңгейіне сай болуында.

ОӘК тиімділігі– оның мазмұнының тіл үйренушінің өз бетімен жұмыс жасауына, шығармашылық тапсырмаларды орындауға қолайлылығында тіл үйренуде ізденушілік іске төселуіне игі әсер етуінде.

ОӘК мазмұнының өзектілігі– оның құрамына енетін элементтердің: негізгі оқулық, дәптері т.б. құрылымы мен мазмұнының ортақ өзегі, басты сүйенетін кілті болуында. Яғни ОӘК құрамына енетін барлық элементтердің, олардың құрылымы мен мазмұнының қай-қайсы да мазмұнды да мәнді бола келіп, солардың ішінен біреуі жетекші рөл атқарады.

ОӘК мазмұнытанымдық бағыттақұрылуы тиіс. ОӘК, ең алдымен, Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұрып жатқан, еліміздің орыс тілді азаматтарына, оның ішінде орыс тілді қазақтарға арналады. Сондықтан ОӘК барлық элементтерінің мазмұны ұлттық намыс және достық қарым-қатынас рухында қазақ халқының менталитетін танытып, оны тіл үйренушінің түсіну, қабылдау дағдысының қалыптасуына және қазақстандық ұлтжандылықты дамытуға бағытталғаны жөн. Сонымен қатар, тілді меңгеру барысында үйренуші тұлға қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдени құндылықтарын, оның басқа ұлттардың мәдени құндылықтарымен тығыз байланыста даму жолы туралы қосымша мәлімет алу арқылы өзінің ой-өрісін дамытып, таным жүйесін байытады. Бұл тілді оқытудың негізгі жетекші бағыты болып саналады.

Жалпы алғанда, ОӘК құрамына енетін барлық элементтеріне тән осы белгілері оның мәртебесі мен дәрежесін анықтайтын өз ара байланысқан және өзара сабақтасқан біртұтас жүйені құрауға мүмкіндік береді.

ОӘК – оқытушы мен тіл үйренушінің шығармашылық әрекетінің негізгі құралы. Атап айтқанда, ОӘК оқу мазмұны мен оны меңгеру технологиясын сипаттайтын, оқытушы мен үйренушіні біртұтас белсенді әрекетке жетелейтін құрал.

Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту жүйесіне арналып жасалатын ОӘК-нің бұл белгілері оның негізгі қызметтерінде ашылады. Жалпы дидактикалық қызметтерді басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тіл бойынша жасалатын оқу әдістемелік кешенінің (ОӘК) келесі қызметтерін бөліп көрсетуге болады: ақпараттық, уәждік, қатысымдық, бақылаушылық, толеранттыққатынасқа бейімдеу.

ОӘК ақпараттық қызметі – ғылыми тұрғыда сұрыпталып берілген оқу материалы, яғни лингвограмматикалық, лингвоелтанымдық білімді тіл арқылы меңгертуден тұрады. Өйткені тіл үйренушілер қазақша қарым-қатынасқа қажет әр алуан ақпараттарды тіл арқылы меңгере отырып, дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік алады.

ОӘК уәждік қызметі – оның құрамына енетін барлық элементтердің қызықты мазмұнында, тартымды тапсырмалар мен әр түрлі жаттығулардың құрылымы арқылы жүзеге асады. ОӘК мазмұнында танымдық жаттығулар, проблемалық тапсырмалар мен интеллектуалдық материалдың үйлесімді берілуі тіл үйренушілердің мемлекеттік тілде қатынас жасау ынтасын оятатын құрал болып табылмақ.

ОӘК қатысымдық қызметі – тіл үйренушінің айтар ойын жүйелі жеткізуге дағдыландыратын, қазақша сөйлеу мәдениетінқалыптастыратын, кез келген жағдайда сөз тауып, оны орынды қолдануға жетелейтін қатысымдық құзыретті дамытудан тұрады.

ОӘК уәждік қызметі – оның құрамына енетін барлық элементтердің қызықты мазмұнында, тартымды тапсырмалар мен әр түрлі жаттығулардың құрылымы арқылы жүзеге асады. ОӘК мазмұнында танымдық жаттығулар, проблемалық тапсырмалар мен интеллектуалдық материалдың үйлесімді берілуі тіл үйренушілердің мемлекеттік тілде қатынас жасау ынтасын оятатын құрал болып табылмақ.

ОӘК бақылаушылық қызметі- бақылау және бағалау жаттығулары арқылы кері байланыс механизмдерінің дұрыс жұмыс жасауын қамтамасыз етуден тұрады. Яғни, үйренушіге өзінің білім деңгейін өзі бақылап, бағалап, түзетіп, толықтырып отыруына мүмкіндік беріледі. Мұндағы мақсат тіл үйренушінің тіл үйрену белсенділігін арттыру, өзіне деген сенімін күшейту, іздендіру, қызығушылығын арттыру.

ОӘК толеранттық қатынасқа бейімдеу қызметі оның барлық элементтерінің мазмұны жахандастыру үрдісінде тіл үйренушіге мемлекеттік тіл арқылы тіл иесі халықтың мәдени мұрасы мен бастауларын, сонымен бірге басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің рухани асыл қазыналарын, батыс өркениеті мен жалпы адамзаттық әлемдік өркениеттің баға жетпес байлықтарын тереңдете кіріктіре игерту арқылы ұлтаралық сыйласым, достық қарым-қатынасты бекіте түсуге бағытталуында.

Осылай әр деңгей бойынша өзара сабақтастықта жасалған ОӘК қолда бар басқа да қазақ тілі оқулықтарымен үйлесе отыра, деңгейлеп оқыту жүйесі талаптарына сай мемлекеттік тілді оқытуды жандандыруға мүмкіндік беретін ең негізгі жаңа үлгідегі тіл құралы болары даусыз. Бірақ оны тұлғаның тілді меңгеруге бағытталған белсенді еңбегі мен шынайы ниеті, ізденушілік, шығармашылық оқу әрекеті арқылы жандандырмаса, бұл оқу-әдістемелік кешен «өлі зат» күйінде қала берері де сөзсіз.

Ойымызды қорыта келе, деңгейлеп оқыту жүйесіне арналған ОӘК құрамына енетін әр элементтің (бағдарлама, негізгі оқулық, аудиовидеоматериалдары, әдістемелік нұсқау т.б.) құрылымы мен мазмұны жайындағы мәселенің өзі жеке-жеке жан-жақты қарастыруды қажет етеді және алдағы тағы бір ой-тұжырымдарға арқау болмақ демекпіз.

Ұсыныстар:

Қоғамдағы өзгерістерге сай бұрындары шыққан мемлекеттік тілді деңгейлік оқытуға арналғаноқу кешендерімазмұны заман талабына сай жаңартылып, толықтырылып,өңделіп, қайта шығарылса;

Қазір кезде елімізді индустрияландыру ісі қарқынды дамуда. Осы бағытта өндіріс орындарындағы қазақша кәсіп тілінің қолданыс аясын кеңейту өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан мемлекеттік тілді техникалық салалар мен технологиялар бағыты мамандарына оқытып үйретуге арналған мультимедиалық бағдарлама дайындау қолға алынса;

Елімізде электрондық үкімет қызметін одан әрі жандандыру мақсатында мемлекеттік тілдегі іс қағаздары мен құжат тілі автоматтандырылған жүйесі дайындалса;

Еліміздегі өндіріс орындары мен кәсіпорындарында кәсіби терминдерді біріздендіру мақсатында көптілді салалық аударма сөздіктер құрастырылып, шығарылса.