Жай сөйлем құрылымын меңгерту

Жай сөйлем құрылымын меңгерту

Сөйлем құрамындағы компоненттердің бөлшектерге бөлінуі және аффикстерінің жалғану жүйесінің бірқалыптылығы біздің жұмысымызда ең қарапайым атаулы сөйлемнен сөйлемнің тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелері түгелдей қатысқан жайылма жай сөйлемнің терең құрылымы мен өзгермелі компоненттері түгелдей дерлік қатысқан құрылымның моделін, яғни виртуалды интегралды стеммасын жасап шығуға септігін тигізді. Бұл құрылым Н. Хомскийдің туындаушы грамматика теориясы, Л. Теньердің құрылымдық синтаксисі және осы аталған ғылыми теориялар негізінде профессор Ж. Нұршайықова жасаған орыс тілінің алгоритмделген синтаксис теориясы негізінде жасалды.

Қазақ тіліндегі жай сөйлемдердің виртуалды интегралды стеммасы негізінде грамматикалық білімді арнайы алгоритммен беру арқылы қазақ тілін меңгеруді ұсынамыз. Ол үшін ең алдымен қазақ тіліндегі жай сөйлем құрылымының қаңқасын жасап алу керек.

Мұндағы N –сөйлемнің субъектісі;

V – сөйлемнің предикаты, екеуін байланыстырып тұрған екі жақты бағыты бар сызық олардың бір-бірімен жақпен қиыса байланысатынын көрсетеді; A – сөйлемде субъектіні және объектіні анықтап тұратын, олармен матаса (екі жақты бағыты бар үзік сызық) және қабыса (тек үзік сызық) байланысқан анықтауыш мүше; О – сөйлемнің объектісі, ол предикатпен меңгеріле (бір бағытты сызық) байланысады; Adv. – сөйлемде предикат мүшені пысықтап тұратын мүше, ол өзі пысықтайтын мүшемен қабыса байланысады.

Осы жасалған қаңқаны сөйлемнің терең құрылымы деп аламыз. Терең құрылымға сөйлемнің өзгермелі компоненттерін енгізсек, сөйлемнің үстірт құрылымын аламыз. Сөйлемнің өзгермелі компоненттері арқылы тіл үйренуші сөйлемді мағыналық жағынан түрлендіріп, өз ойын жеткізе алатын болады. Төмендегі кестеде А1 – сөйлемде объекті мен субъектіні анықтап тұратын, сын есімнен, есептік, реттік сан есімнен, сілтеу есімдігінен болған анықтауыштар; А22) – сөйлемнің субъектісі мен объектісін анықтап тұратын, ілік септікті анықтауыштар; О34567 – сөйлемнің объектілері: О3 – барыс, О4 – табыс, О5 – жатыс, О6 – шығыс, О7 – көмектес септіктер; сөйлемде пысықтауыш қызмет атқаратын кейбір септік мағыналарын тіл үйренуді жеңілдету мақсатында алғашқы кезеңде осылай шартты түрде алып отырмыз;

Берілген сөйлемнің үстірт құрылымына математикалық әдіспен олардың арнайы көрсеткішін қоятын болсақ, қазақ тілін меңгеруге қажетті болатын грамматикалық білімнің толық интегралды стеммасын ала аламыз. Бұл тіл үйренуші үшін бұрын-соңды жасалмаған, сөйлемнің ғана емес, тілдің құрылымдық жағын да, мағыналық жағын да көрсете алатын арнайы анықтағыш құрал бола алады.

Ал енді негізгі мәселе – осы құрылымды тіл үйренушіге меңгерту. Бұл құрылымды меңгерту үшін біз арнайы алгоритм құруды ұсынамыз. Сөйлемнің әрбір жаңа элементі сөйлемнің жалпы құрылымы негізінде алгоритмдеу әдісі бойынша меңгеріледі. Сөйлемнің құрылымы бір ғана сөзден тұратын субстантивті сөйлемдерден бастап әрі қарай адъективті, етістікті, адвербиалды түйіндерді түсіндіру арқылы жүзеге асады.

Біздің ұсынысымызда әрбір жаңа сөз белгілі бір коммуникативтік міндетті шешуге қабілетті синткасема, яғни мағыналы сөйлем ретінде меңгеріледі. Сондықтан меңгерілуге ұсынылатын ең алашқы (N) сөз (S) сөйлеммен тең дәрежеде. Мұндағы N – зат есімнен немесе жіктеу есімдігінен болған, бір сөзден тұратын субстантивті сөйлем. Мысалы: Мен. Сен. Кітаптар. ...

Бұдан әрі бір сөзден тұратын субстантивті сөйлем (А) анықтауышпен күрделеніп, S = А1N немесе S = А22)N модельді сөйлемдер құрай алады. Мұндағы (А) анықтауыш: сын есімнен, есептік және реттік сан есімнен болған (А1)сапалық анықтауыш немесе ілік септік тұлғалы зат есім және жіктеу есімдігінен болған (А22)) меншікті анықтауыш. Мысалы: Жақсы студент. Әдемі қыз. Үлкен үй. Менің әкем. Алматының көшесі.

Жай сөйлем құрылымын меңгеруге арналған негізгі алгоритмдік жүйе іштей қадамдарға бөлініп, әр қадам арнайы жаттығулармен бекітіледі. Негізгі алгоритмдік жүйенің келесі қадамы екі негізді жай сөйлемдерді: баяндауышы есім сөзден болған, одан кейін баяндауышы етістіктен болған жай сөйлемдерді меңгерумен ұласады. Баяндауышы есім сөзден болған жай сөйлемдер төмендегідей алгоритмдік жүйемен беріледі:

1) NV модельді жалаң сөйлем, сөйлемнің N – субъектісі сілтеу есімдігінен, V – предикаты зат есімнен болған сөйлемдер: Бұл – Сәуле. Анау қалам. Бұлар студенттер.;

2) сөйлемнің N – субъектісі сілтеу есімдігінен, зат есімнен, V – предикаты сын есім + зат есімнен немесе тәуелдеулі зат есімнен болған сөйлемдер: Бұл жақсы студент. Аналар менің достарым.;

3) сөйлемнің N – субъектісі жіктеу есімдігі, тәуелдеулі зат есімнен, ілік септігі + зат есімнен, V – предикаты зат есім, сын есімнен болған сөйлемдер: Мен студентпін. Сіздің әкеңіз дәрігер ме? Менің ағам жақсы жігіт. т.с.с.;

4) сөйлемнің N – субъектісі жіктеу есімдіктері немесе адам аттары мен тәуелдеулі туыс атаулары, V – предикаты шығыс септігіндегі ел, жер, қала атауларын білдіретін жалқы есімдерден болған сөйлемдер: Мен Жаркенттенмін. Сіздің досыңыз қай жерден? Ғалым Қарағандыдан.;

5)сөйлемнің N – субъектісі жіктеу есімдіктері немесе адам аттары мен тәуелдеулі туыс атаулары, V – предикаты бесінші объекті жалғауын қабылдаған сан есімдер, есімдік немесе зат есімдерден болған сөйлемдер меңгеріледі: Мен жиырмадамын. Сіз нешедесіз? Менің үлкен ағам ауылда.;

6) келесі қадамда баяндауышы етістіктерден болған жай сөйлемдермен жұмыс істелінеді. Етістік негізді сөйлемдер етістіктің шақ формаларын меңгеруден басталады да, оның сөйлемнің Adv. пысықтауыш мүшесімен қабыса байланысу ерекшелігі түсіндіріліп, моделі беріледі. Етістік негізді жай сөйлемді меңгеру үдерісіндегі ең маңызды мәселе етістіктің объектілерді меңгеру алгоритмі болып табылады. Сөйлемнің объектілерінің берілу тәртібі: О5 – алгоритмі; О4 – алгоритмі; О3 – алгоритмі; О6 – алгоритмі; О7 – алгоритмі. Әр объектіні ұсыну барысында оның анықтауыш мүшесімен (объектінің анықтауыш мүшесі мен субъектінің анықтауыш мүшесі ұқсас екені ескеріледі) бірге жай сөйлемнің толық модельдері қоса беріліп отырады.

Мысалы: Менде сөздік бар. Мен Қазақ университетінде қазақ тілін оқимын. Келесі жылы саяхатқа Түркияға бармақпыз. Маған кітап керек. Біз Қазақстанға Кореядан екі ай бұрын келдік.

Қазақ тіліндегі жай сөйлемдердің құрылымын меңгеру үдерісінің алгоритмі сөйлемді кіші құрылымдарға бөлшектеп кезеңдік меңгеруге қол жеткізеді. Егер сөйлем функционалдық тұрғыдан қарастырылатын болса, кез келген коммуникативтік актіге жаңа қатысушыны сөйлем құрылымымен еркін жұмыс істей білуге үйретуге болады. Олар алдымен жай сөйлемдерден бастап, әрі қарай толымды жайылма жай сөйлем, жалғастырушы кезеңдерде шылаулардың көмегімен құрмалас сөйлемдер құрылымын еркін игере алады.

Қолданылған әдебиеттер:

  • Теньер Л. Основы структурного синтаксиса. – М.: Прогресс, 1988. – 656 с.
  • Нуршаихова Ж.А. Алгоритмизированный синтаксис. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 294 с.
  • Хомский Н. Аспекты теории синтаксиса. – М.: Изд. МГУ, 1972