​Әліппе жасау - тек таңба ауыстыру емес

​Әліппе жасау - тек таңба ауыстыру емес

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің жаңа нұсқасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Кездесу барысында үстіміздегі жылдың 9 қазанында Елбасына таныстырылған жаңа әліпби нұсқасы талқыланды.

«Латын графикасына көшу деген мәселе - қарапайым бір таңбаны екіншісіне ауыстыру емес. Ол қазақ жазуына іргелі, күрделі, жан-жақты реформа жасау. Ал реформа жасау - оңай, жеңіл қарайтын дүние емес. Әліпби жасау ешкімге, ешқашан оңай болмаған. Кез келген мемлекет мезгіл-мезгіл өз жазуын пысықтап, жетілдіріп отырады. Сондықтан бұған дейін де, бүгін де ұсынылған нұсқаға қырын қараудың қажеті жоқ» - деді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек.

Ғалым өз сөзінде қазақ тілінде 42 дыбыс бар деп қателесіп жүргендігімізді де қаперге сала кетті.

«Қазақ тілінде нақты 28 дыбыс бар. Біздің басты мақсатымыз осы - 28 дыбысты латын графикасына сәйкестендіріп, қабылдап алу. Бұған қоса біз үндестік заңын сақтап қалуымыз керек. Әліпбиді жасап, таңбалау оңай болар, оның қиындығы оқулықтар мен оқу құралдарын, ережесін жазғанда туындайды» - деді ол.

Ал Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов жаңа әліпби нұсқасы қоғамдық талқылау мен ғалымдардың ортақ шешімі негізінде жасалғандығын айтып өтті.

«Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің алғашқы стандартты нұсқасына қатысты Елбасына 300-ге жуық хат жолданса, 20000 адам пікір білдіріп, жалпы талқылауға 1,5 млн азамат қатысты. Халық пікірі мен көзқарасын негізге ала отырып, біз жаңа әліпбиді дәйекші арқылы беруді жөн деп таптық. Әу баста латын графикасы қазақ тіліне негізделіп жасалмаған. Сондықтан біз оны өзімізге ыңғайлап алуға тиіспіз. Ал латын графикасын қолданудың үш қана жолы бар. Бірінші, түпнұсқа күйінде қабылдау болса, екінші, диграф, үшінші дәйекші арқылы қолданысқа енгізу. Латын таңбасын түпнұсқа күйінде қабылдау біздің дыбыстық нормаға сай келмейді. Диграф арқылы алғашқы нұсқа ұсынылды. Қоғамдық пікірдің басым бөлігі қарсы болғандықтан, дәйекшіге тоқталдық» - деді Е.Ердембекұлы.

Баспасөз конференциясы барысында кейбір таңбаларға қатысты ұсыныстар айтылып, көкейдегі көп сауалға мамандардан мардымды жауап алынды.