Латын графикасы тіл табиғатын сақтауы тиіс

Латын графикасы тіл табиғатын сақтауы тиіс

Мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқан графика мәселесі жайлы бастама жоқтан бар бола салмады. Бұл туралы еліміз егемендік алғалы айтылып келе жатқаны, сондай-ақ 2050 жылға дейінгі даму стратегиямызда жан-жақты сипатталғаны белгілі. Демек, Қазақ елінің латын графикасына ауысуына алғышарт бұрынырақта жасалып қойды, ендігі кезекте нақты іске көшетін уақыт жетті. Оның үстіне, латын графикасы түркі әлемі үшін жат емес. Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің тәжірибесінде бар және тиімділігі дәлелденген. Түркия мемлекеті болса, латын графикасын осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын қабылдаған, қазірде экономикасы дамыған, озық технологиялы елдердің қатарында.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, латын графикасының тиімділігі жөнінде тоқтала кетсек. Біріншіден, бұл – заман талабы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев латын графикасына ауысу бастамасының қазіргі технология және коммуникациямен, ғылыми және білім беру үдерістерімен байланысты екенін бірнеше мәрте ескертті. Екіншіден, кей дерек бойынша, шетелдерде 4-5 миллион қандасымыз тұрады. Олардың Қазақстан Республикасымен, яғни біздермен, біздегі әдеби-мәдени құндылықтармен байланысы болуы тиіс және оған, ең алдымен, біздер мүдделіміз. Ендеше кириллицаны білмейтін қандастарымызбен ортақ қаріпте байланыс орнайтынын есте ұстауымыз қажет. Үшіншіден, латын графикасы арқылы заманауи технологияға ғана емес, бауырлас елдермен тығыз қарым-қатынасқа жол ашылады. Себебі тәуелсіз түркі халықтарының біразының латын графикасын пайдаланатыны мәлім. Төртіншіден, сөздік қорымыз молайып, тілдік мүмкіндігіміз кеңейеді. Қазіргі заманда сөздік қордың молаюына терминдердің тікелей ықпалы бар екені түсінікті. Ал халықаралық термин атаулы латынша таңбаланады. Демек, латын графикасын қабылдаған халық тіліне мыңдаған термин оп-оңай сіңісе алады. Оларды кириллицаға ауыстырып жатудың қажеті болмайды және, ең бастысы, халықаралық дыбысталу әрі таңбалану ерекшеліктері сақталып қалады. Бесіншіден, көпұлтты Қазақстан Республикасындағы қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді. Біздіңше, латын графикасына ауысқаннан кейін, қазақ әліпбиіндегі әр дыбыстың жеке таңбасы болуы және олардың дыбысталуы бір-біріне ұқсамауы қажет. Мәселен, кириллица бойынша, «қ» және «к», «ұ» мен «ү» және «у», «ө» және «о», «ң» және «н», «ғ» және «г» дыбыстарының таңбалануында ұқсастық болғандықтан, еліміздегі басқа тілді азаматтар үшін бір ғана дыбыс болып қабылданып келгені жасырын емес. Ендігі жерде олардың дербес таңбасы және дербес дыбысталу үлгісі болуы тиіс, басқаша айтқанда, әр дыбыстың өз алдына оқылу үлгісі болуына шындап мүдделіміз әрі солай болатынына сенеміз.

Латын графикасының артықшылықтарын мұнан да әрі тізбелей беруге болады. Бұл жөнінде түсіндіру-ақпараттық шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде тиісті деңгейде жүргізіліп жатқандықтан, осы дәлелдерді жеткілікті санаймыз. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының Парламентінде көптен күткен ұлы бастама қолдау тауып отыр. Ұлт болашағы үшін үлкен бір жауапты қадам жасалды. Жолға қойылған бастаманы Қазақ елінің азаматы ретінде бірауыздан құп көреміз әрі қолдаймыз және әрбіреуіміздің алдымызға қойылған аса жауапты тапсырма һәм міндет санаймыз.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер латын графикасына көшудің қажеттілігі мен артықшылықтары жайлы. Дегенмен халық арасында, әсіресе тілдің табиғатын тұтынушы ретінде ғана емес, зерттеуші ретінде түсінетін мамандар арасында ұсынылып отырған латын әліпбиіне қатысты бірқатар ұсыныстың да бар екені жасырын емес. Сайып келгенде, бұл ұсыныстардың дені қазақ тілінің болашағына, табиғи сапасының сақталу-сақталмауына шын жанашыр болғандықтан туындап отыр. Сондай ұсыныстардың басты-бастыларын келтіре кетуді жөн санаймыз:

1. Комиссия ұсынған жаңа әліпби нұсқасында «и» және «і» дыбыстары бір ғана «і» таңбасымен берілген. «И» және «і» дыбыстарының дыбысталу табиғаты мен фонемалық сипатының мүлде екі басқа болуына орай екеуін екі таңбамен берілгенін құптаймыз;

2. Латын әліпбиін еліміздегі орыстілді халық қолданбайтын болғандықтан, өзге ұлттар тарапынан наразылық туындау қаупі бар деген пікірге келіспейміз (латын графикасына республика халқының тұтастай көшуге тиістігі де – өзекті мәселе). Сондықтан әліпбиде ұсынылған «ц», «ч» аффрикаттарының «тс» және «тш» түрінде жазылғанын жөн санаймыз. Сонда жаңа әліпбиде таңба саны азаяды, яғни «ц» және «ч» аффрикаттарын арнайы жеке таңбамен көрсетудің қажеті болмайды;

3. Бір дыбыстың бір таңбамен таңбалануын қолдаймыз. Себебі қазақ тілі агглютинативті (жалғамалы) тіл болғандықтан, кей сөздің айтылуы мен жазылуы ұзақтау келеді. Ал мұндай жағдайда ол сөздердегі ұлттық дыбыстау ерекшелігімізге тән дыбыстарды диграфпен таңбалау жазу үдерісін мүлде қиындатып жібереді. Оның үстіне, «ә», «ө» дыбыстарын «ае», «ое» түрінде таңбалаудың соңы ұлттық дыбыстарымызды жоғалтып алу қаупін тудырады. Себебі кейінгі ұрпақ «ә», «ө» дыбыстарының таңбалануына қарай оларды «ә», «ө» деп емес, «ае», «ое» диграфтарындағы аралық дыбыспен (мәселен, орыс тіліндегі «э» және «ё» таңбаларының дыбысталуына ұқсас әуенде) атап кетуі мүмкін. Бұл мәселе тек «ә» және «ө» дыбыстарына ғана емес, әліпбидің ұсынылып отырған жаңа нұсқасындағы барлық диграфқа қатысты;

4. Әліпбиге қатысты жасалып отырған реформа барысында тіліміздің әуезділігін сақтап қалуды қажет санаймыз. Ол үшін сөйлеу ерекшелігіміздегі ерін үндестігіне қайта оралу керек болады. Мысалы, гүлденген қала деген тіркестің алғашқы сөзін гүлдөнгөн деп жазатын боламыз. Осыған орай орфографиялық нормамыз қайта пысықталып, жазу үлгіміз жаңадан қабылданады. Сонда қазақ тілінің әуезділігі артып, бұрынғы сөйлеу машығымызға оралатын боламыз.

Жалпы, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қабылдаудың заман талабы екені және оның маңызды әрі аса жауапты шара екеніне дау жоқ. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, латын графикасына көшуді барынша құп көреміз. Біздегі алаң – графикаға жасалатын реформаның қазақы сөйлеу тілін, жоғарыда келтіргеніміздей, қалай да жоғары сапаға көтеруі тиіс екені жайлы ой ғана.