Латын әліпбиіне көшу – ұлт үшін жасалған маңызды қадамның бірі

Латын әліпбиіне көшу – ұлт үшін жасалған маңызды қадамның бірі

Қазақ халқы кеңестік қызыл империяның пәрменімен ХХ ғасырдың 20-30 жыл ішінде 3 рет әліпбиін (алфавитін) ауыстырған екен. Мұның астарында халықтың ғасырлар бойғы жинақталған бай рухани тарихын біржолата ұмыттыру, отарлау, орыстандыру, жалған «сауаттандыру», мәңгүрттендіру саясаты жатқандығын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.

1929-1940 жылдар аралығында ресми түрде қолданылған латын әліпбиімен үкіметтің қаулы-қарарлары, мемлекеттік баспасөзі, көркем әдебиеті т.б. жарық көріп тұрды. Кейіннен бұл жазу кеңестік идеологияның саясатын мүлтіксіз жүргізуге кедергі келтіреді, біртұтас кеңес халқын жасаймыз, барша жұрт орыс тілінде сөйлесе, солғұрлым коммунизмге тез жетеміз деген желеумен әліпбиді кириллицаға көшіріп жіберді.

Соңғы уақытта осы латын жазуына қайта көшу немесе қайта оралу мәселесі көпшілік арасында біраз пікірталасқа айналып отыр. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы әбден сейілтті деп айта аламыз. «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», – деген мемлекет басшысының сөздері латын әліпбиіне көшу туралы дау-дамайға нүкте қойғандай болды. Десек те, латын әліпбиіне көшуді жақтайтындар бұл мемлекеттік тілдің нығаюына оң ықпалын тигізеді десе, қарсы жақ халық арасында сауатсыздық басталады деп үрейленуде.

Яғни «Латын әліпбиіне көшу қажет пе?» деген бүгінгі күннің сауалы – ел келешегін ойлаған әрбір азаматтың көкейкесті мәселесі. Қолданылып келе жатқан әліпбиімізді латын жазуына ауыстыру бізге не береді, неден ұтамыз, неден ұтыламыз деген секілді сұрақтарға келсек, оған мынадай жауаптар беруге болады:

1. Тілдері ұқсас, діні бір, түп негізі ортақ түркі тектес елдер осы күнге дейін әртүрлі әліпбимен жазып келеді, латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бірізге түсірілмей келеді, барлығына ортақ әліпби құрастыру (жазу) түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа, өзара интеграцияға алып келер еді;

2. Өткен ғасырларда түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ баласының басын қосушы фактордың біріне айналар еді. Өйткені бәріміз бір тілде сөйлегенімізбен, әртүрлі әліпбиді пайдаланамыз, мәселен, Ресейде, Монғолияда өмір сүретін қандастарымыз – кириллицаны, Қытай, Ауғанстан, Пәкістанда тұратын бауырларымыз – төте жазуды (араб жазуын), ал Түркия мен Еуропа мемлекеттерін мекендейтін алаш перзенті – латиницаны қолданады. Бұл, әрине, өзара хат-хабар алмасуды күрделендіріп, жазу арқылы тілдесуді қиындатады. Мұны шетелдің жоғары оқу орындарыаралық келісімшарт негізінде білім алып жатқан Қытай мемлекетінен келген қандас студенттерімізді оқыту барысында көріп жүрміз. Яғни латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі деп айта аламыз.

3. Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік. Мәселен, алаш арыстарының латын әліпбиімен жазылып жарияланған қаншама еңбегі көпшіліктің кәдесіне асырылмай, іздеушісін күтіп жатқаны жасырын емес.

4. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы.

Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.

5. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді.

6. Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы. Бір ғана мысал, еліміздің латын әрпіндегі транскрипциясын Kazakhstan деп емес, Qazaqstan деп жазған болар едік.

Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ол мәселенің көрші елдермен қатынастарға қатысы жоқ. Ресей мен Қазақстанның достық негіздегі байланыстары екі ел үшін де пайдалы екені анық. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыруға еш кедергі келтірмейді.

7. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне де өз әсерін тигізер еді. Мәселен, бұған дейін кириллицамен жазылып келген қазақ тіліндегі сөздерді латын әрпімен таңбалайтын болсақ, тіл үйренушілер ол сөздерді басқаша қабылдайды, олардың ойында басқа ассоциация пайда болады: Қазақстан – Qazaqstan, өнер – öner, өзен – özen, өмір – ömir т.б.

Қазір қолданылып келе жатқан көзіміз де, құлағымыз да әбден үйреніскен кирилл жазуы аса жетілген, кемел еместігін қазақ сөздерінің орфографиясына, орфоэпиясына келгенде анық байқадық. Жазуда қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бағынбайтын жат тіркестер, көпшілік үйреніп кеткенімен, кірме сөздердің орыс тілі заңдылықтары негізінде сақталып жазылуы, басы артық ь, ъ таңбалары, в, ф, ц, щ, ю, я әріптері т.б. қиындықтар кездесуде.

Бүгінгі ұрпақ дыбыстардың тіркесім заңдылығына, дыбыс үндестігіне мән бермей, жазудың жетегінде, әріптің негізінде сөйлеп (дыбыстап), тіліміздің ең басты ерекшелігі болып табылатын, мыңдаған жыл бойы атадан-балаға мирас болып келе жатқан үндестік заңдылығын бұзып, артикуляциялық базамызды бүлдіруде. Мысалы, Құнанбай – Құнамбай, көкөніс дүкені – көгөнүс түкөнү, күн күркіреді – күң гүркүрөдү, таза ауа – тазауа т.б. болып тіл және ерін үндесіміне бағынып барып дыбысталуы тиіс.

Сөйтіп, орыс жазуына негізделген 42 әріптен тұратын әлемдегі әрпі көп жазуымыздың арқасында әріппен сөйлейтін ұрпақ қалыптаса бастады. Тіл мамандарының таңба басқа, дыбыс басқа болады деген пікірі ескерілмеді. Орыс жазуына негізделген қазақ жазуы дыбыстық жүйеге мынадай өрескел қателіктер әкелді:

- қазақ тілінің фонетикасы қате теориялық түсінік бойынша оқытылды;

- и, у дыбыстары біресе дауысты, біресе дауыссыз деген қате тұжырым пайда болды;

- кірме сөздер мен терминдер тіліміздің басты заңы – сингармонизмге бағындырылмады, таза орыс тілінің дыбыстық заңы бойынша айтылды;

- қазақы акцент жоғала бастады;

- жуан және жіңішкелік белгі бойынша сөйлеу қалыптаса бастады, мәселен, Асель, халің қалай? (Әсел, қалың қалай?)

- сөзде екі дауысты дыбыс қатар жазылатын орфограмма енгізілді, мысалы, киім, киік, тиын, қиын, жиын, суық, буын т.б.;

- ерін үндестігі есепке алынбады, мектеп бағдарламасына енгізілмеді;

- қазақ тілінде дыбыс «сингема», «сингармема» емес, «фонема» деген тұжырым енгізілді;

- орфографиялық сөздікте фонетикалық ұстаным басты болмады, орфографияда ала-құлалықтар пайда болды;

- сөйлеуде орфоэпиялық норма басты болмай, орфографиялық норма басты болды;

- емле саласында күрделі қиындықтар пайда болды т.б.

Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керектігін қазіргі фонетист-ғалымдардың бірі Ә.Жүнісбек тынбай айтып келеді. Ғалымның: «Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен шектелмейді. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ереже – бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады» [4], – деген пікірі көңілге қонымды айтылған.

Қазақ тілінің төл дыбыстарын түгендеп, соған лайықтап таңба санын ықшамдау – қазіргі күннің талабы. Ұлы А.Байтұрсынұлы бастап белгілеп берген қазақ тілінің төл дыбыстарының саны 28 (а, ә, б, ғ, г, д, е, ж, з, й, қ, к, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, ш, ы, і) десек, осы дыбыстардан бөлек қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ. Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген й, у таңбаларының дыбыс мәні, тілімізде өте жиі кездесетін, езулік, еріндік, үнді [y, w] дауыссыз дыбыстарға жатады: ми [mɪy], қи [qɪy], ти [tіy], ауа [awa], әуе [äwe], су [suw], суы [suwu], у [uw], уық [uwuq], уіл [üwül], күлу [külüw], аю [ayuw], үю [üyüw] т.с.с. Мұндай дауыссыз дыбыс орыс тілінде жоқ, ал ағылшын тілінде бар, қазақ тілінде де бар.

Яғни латын таңбасына негізделген қазақ әліпбиін жасауда тілдің дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен орыс тілінен кірме дыбыстар жеке-жеке қарастырылып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Бұл істі кез келген адам атқара алмайды, арнайы фонолог мамандар мен компьютер технологиясының тілін жетік меңгерген программистердің әліпби мәселесіне ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіп, оны әбден пысықтап алып барып, жүзеге асыруына тура келеді.

Біз, қазақ елі, уақыт көшіне ілесіп, қалып қоймай, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін, жалпы ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, көп кешікпей, әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы.

Жақында ғана Парламент Мәжілісінің кезекті отырысына қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша ұсынылған әліпбиі нұсқасы әлі де жетілдіруді, толықтыруды қажет етеді. Мұны көпшіліктің талқысына салып, кемшін тұстарын ақылдаса отырып, сараптай түсуіміз керек. Аталған нұсқада қазіргі қазақ тілінде қолданылып келген 42 әріпті қысқартып 25-ке кеміткенін, әрине, көпшілік құптап отыр. Алайда тіліміздегі кей дыбыстардың қос таңбамен немесе қосар әріппен (диграф) берілуі көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Мәселен, Ае – ә, Ое – ө, Uе – ү, Sh – ш т.б. яғни ана тілімізге тән төл дыбыстарды қосар таңбамен беру баланың таным-түсінігіне, ұғынуына қиындық келтіреді. Себебі дыбысты айтқанда оның бейнесі, сұлбасы баланың санасында бірден көрініс табуы тиіс. Яғни ол отырса да, тұрса да сол дыбыстың таңбасын бірден есіне түсіре алатындай болуы керек. Сондықтан латын әліпбиінде мүмкіндігінше немесе бірінші кезекте ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы атап көрсеткен тілдегі 28 төл дыбысымыз жеке-жеке таңбаланып, өз орнын иеленуі тиіс.

Біз өткен ғасырда үш түрлі әліпбиді (Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық жүйеге негіздеген араб жазуы - «төте жазу», латын графикасы, кейін кирилл жазуы) қолдандық. Осы жазу жүйесінің барлығында «бір әріп – бір дыбыс» қағидаты бұзылмай, басымдықта болды. Мұны ескерсек, ұсынылып отырған диграфтар қазақ халқының тілдік санасында жат таңба түрінде қабылданады. Қазақ елі қолданған жазулардың графикалық образдары әртүрлі болғанымен, олар бір əріп бір дыбыс қағидатына басымдығына негізделгендіктен де, қазақтілді сана үшін диграфтарды тұтас таңба түрінде оқу қиындық келтіреді.

Әліпбиді өзгертудегі немесе латынға көшудегі басты мақсаттың бірі де – тіліміздегі төл дыбыстарымызды жоғалтып алмау, дыбысталу жүйесі өзгеріп бара жатқан үндесім заңын (сингармонизм), тіл және ерін үндестігін толықтай қалпына келтіру болып табылмай ма?

Бүгінгі уақыт талабына сай күрделіден қарапайымға өтеміз, тұрмыс-тіршілігімізді жеңілдетеміз, оқу-сызуға, жазуға кететін уақытты қысқартып, үнемдейміз дейміз. Олай болса, осы нұсқаны сол күйінде қалдыратын болсақ, сөздің тұрқы, мәтіннің көлемі тіпті ұзарып кетеді екен, шұбалаңқы тіркестер көбейіп, оны түсіну қиындайды, ұғыну ауырлайды. Мысалы, 5 таңбадан тұратын өңшең сөзі латынша oengsheng болып 9 әріппен жазылады, күнә – kuenae, мәңгіліктің – maengilikting т.б.

Сөзімізді қысқаша қорытындыласақ, таныстырылған нұсқа әлі жоба күйінде болса да, бұл нұсқа жөнінде сан алуан пікірді БАҚ, ғаламтор ресурстарынан көріп, оқудамыз. Бұл – еркіндіктің, тәуелсіздік сыйлаған азаттықтың арқасы. Көпшіліктің рухани мәдениетіміздің алтын арқауы – әліпбиімізге бейжай қарамайтынын байқадық. Мамандардың ғылыми негізі бар пікірлері жинастырылып, сарапталып, жүйелене келе, міндетті түрде ескерілсе дейміз. Мәселен,

- қазақ тілінің төл дыбыстарына басымдық беру;

- тіліміздегі 28 дыбысқа жеке-жеке әріп немесе таңба беру;

- бір дыбыс – бір әріп немесе бір таңба қағидатын ұстану;

- диграфтардың санын азайту, аффрикат Ц, Ч дыбыстарын TS, СН қосар таңбасымен таңбалау;

- әсіресе ә, ү, ө дыбыстарын бір әріппен таңбалау, қажет болса диакритикалық белгілерді пайдалану т.б.

Ең негізгісі – жаңа әліпби қабылдауға батыл бетбұрыс, оңтайлы шешім жасалды, енді соны көп болып қолдауымыз керек.

P.S. ҚарМУ-дың филология факультетінің тіл мамандары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қызметкерлері ұсынған әліпби нұсқасын қолдайды.