Латын әліпбиі – рухани жаңғырудың негізі

Латын әліпбиі – рухани жаңғырудың негізі

Алматыда латын әліпбиі туралы дөңгелек үстел өтті.

Алматыдағы «Ғылым ордасының» кіші залында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдас­тыруымен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай және латын әліпбиіне көшу жөніндегі пре­зиденттік идеяны қолдау мақсатында «Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілуі: ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел мә­жілісі өтті.

«Ғылым ордасы» МҚК және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Тарих, археология және этнология факультетінің қолдауымен өткізілген аталмыш басқосуда танымал ғалымдар, ҰҒА академиктері С.Қирабаев, У.Қалижан, Президент архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы Б.Жапаров және басқа да ғылыми қауымдастық өкілдері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов өз сөзінде «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін алдағы уақытта қолға алатын міндеттерді де саралап берді. Олардың арасында таяу жылдары жүзеге асыруға кірі­сетін нақ жобалардың арасында – қазақ жазуын латын әрпіне көшіру мәселесі де бар. Елба­сымыз «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасыр­дағы ғылыми және білім беру процесінің ерекше­ліктеріне байланысты», деп көрсете келе, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірың­ғай стандартты нұсқасын қабылдау, екі жыл мер­зім аралығында осы мәселеге қатысты ұйым­дас­тыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуді жүк­теген еді. Сондықтан еліміздің рухани жаңғы­руының негізі болып табылатын латын әліп­биіне қатысты халық арасында кеңінен түсін­діру жұмыстарын жүргізіп, қолдау білдіру қай-қайсымыздың да парызымыз», екенін атап өтті.

Жиынға қатысушылар жаһандану үрдісіндегі латын әліпбиінің қолданыс аясының маңызы, латын әліпбиіне көшу және оны енгізу жолдары, тарихи тамырлары мен әлемдік тәжірибесі, латын әліпбиінің мүмкіндіктері мен болашағы турасындағы мәселелерді талқылай отырып, латынға көшу жөніндегі президенттік бастамаға толықтай қолдау көрсететіндерін жеткізді, сондай-ақ жаңа әліпбиде пайдаланылатын әріптерді дұрыс таңдау жөніндегі өз ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды.

Дөңгелек үстел аясында Президент архиві 1928-1940 жылдардағы құнды тарихи құжаттар көрмесін, «Ғылым ордасының» орталық ғылыми кітапханасы латын қарпіндегі сирек кітаптар көрмесін ұйымдастырды.