Көптілділік – уақыт талабы, ел болашағы

Көптілділік – уақыт талабы, ел болашағы

ХХ ғасырда басталған мемлекеттер мен құрлықтардың саяси, экономикалық, мәдени араласуы ХХІ ғасырда бұрынғыдан да керемет қарқынмен өрістеп, тұтас планетаның тынысы мен тіршілігі баршамызға соншама жақын, соншама таныс болып, жер шарының тағдыры ортақ адамзат тағдыры екені бұрынғыдан да айқындала бастады. Адамзат баласының осылайша етене араласуы, тым жақындасуы, әлбетте, өзара тілдік түсіністікті қажетсінеді. Әлемнің әр алуан тарапта араласуы мен бірігуі үшін ортақ халықаралық тіл – эсперанто тілі ойлап табылып, ол біраз уақыт насихаттың санына айналды. Тіпті, көптеген елдерде осы жасанды тілдің курстары ашылғаны да сол кезеңнің куәгерлеріне мәлім. Бірақ варшавалық Лазарь Заменгоф алғаш 1887 жылы ойлап тапқан бұл тіл жасанды болған себепті де бүкіладамзаттық қатынас құралына айнала алмады.

Көптілділік – уақыт талабы, ел болашағы

Ғаламда баршасы да табиғи сұрыптаудан өтетіні сияқты дүниежүзілік қатынас құралына айналып отырған қазіргі ағылшын тілі де осындай экономикалық, саяси сұрыптау кезеңінен өтті деуге болады. Әрине, адам тіршілігінің барлығы дерлік қажеттілік пен сұранысқа тәуелді. Жаңалықты қажеттілік жасайды, сұраныс қай құбылыстың болсын ауқымын анықтайды. Оны, әлбетте, негізінен келгенде, адамзат тіршілігінің өмір сүру қайнары – материалдық сана айқындамақ. Осыларды жіктей келгенде, бірі тарихтағы, екіншісі қазіргі кезеңдегі ең ірі қос империяның тілі – ағылшын тілі алдыңғы қатарға шықты. Бәлкім, жаһанданудың қарқыны бір ғасырға ертерек болғанда ағылшын тілінің орнына француз тілі шығар ма еді?! Алайда, бәйгенің басы да, бәсі де Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарының негізгі тіліне бұйырды. Бұл – жеке ұлттардың немесе әлдебір ықпалды тұлғалардың ұйғарымы емес, тарихтың ұйғарымы.

Адамзат алыса келіп, аяғында араласуға бет бұрған ХХ ғасырдың соңына қарай тәуелсіздік алған Қазақ елі тәуелсіздік таңын қарсы алғанда, егемендік туын тіккенде осындай әлемдік араласу басталып кеткен болатын. Сондықтан тәуелсіздік біз үшін қалай маңызды болса, оны бекіту сондай маңызды болуымен бірге барға алданбай, қолдағыға малданбай адамзат көшінің төріне ұмтылу бізге мұрат болды. Осы сәулелі мұрат пен баянды бағыттың бастауында тұрған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің экономика, әлеуметтік, саяси салалардағы өрісті реформаларымен бірге Қазақстанның әлемдік аламанда оза шабу үшін білім мен ғылымның, технологияның елімізде кең айдынға бет алмағы – халықаралық тәжірибелерді игеруі деп ұғынды. Мұндай игеру жекеленген немесе таңдалынған тұлғалардың ғана үлесі емес, баршаның да атсалысатын алаңы болған соң үштұғырлы тіл саясатын ұсынып, оны үнемі баянды етуге күш салып келеді.

Иә, қазақ баласы өзге жұрттар сияқты осынау қазыналы атамекенінде әлемдік сыбағадан тыс қалмауы тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игіліктерді сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекеттігімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге қөтерілу міндеті тұр» деген сөзі Қазақстанның дамуындағы дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынысын жақсы аңғартады. Яғни, еліміз өзінің төл қасиеттерін сақтаумен бірге адамзаттың жаңа заманғы жасампаздық мұраттарын да негізге алмағы жөн болмақ. Зымыран уақыт пен дамудың қарқыны осыны тілейді. Егер егемен еліміз көштен қалмасын, өз үлесінен қағылмасын десек, осы бағыттағы жұмыстарға жұмылғанымыз абзал, қадірменді ағайын. Бағзы бабаларымыз: «Жеті жұрттың тілін біл» дегенде араласуды, көп қатарлы болуды айтқан. Сол аталар ақылы дәл қазіргі уақытта айрықша көкейкесті. Әлемнің жаңалығының мол қоры ағылшын тілінде болғандықтан біз де осы тілді білуге, ұрпағымызға үйретуге күш салғанымыз жөн. Ол өзіңді ұмытып өзгелердің шалғайына жармасу емес, жаһандық үрдістің жайы мен жапсары осылай етуді тілейді. Мәселе, өрелі ой, өрісті бастаманың дабыра науқаншылдыққа айналмауында, кәсіби тұлғалардың мемлекеттік жұмысты сәтімен атқаруында.